Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сапасы сын көтермейді": депутат Дәулет Мұқаев оңтүстіктен солтүстікке көшу мәселесін көтерді

Опубликовано:

Мұқаев Дәулет Төлеутайұлы депутат
Мұқаев Дәулет Төлеутайұлы депутат. Скриншот: Youtube / @mazhilis_kz

3 мамыр күні мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев көші-қон мәселесін көтере отырып, премьер-министрінің орынбасарлары Алтай Көлгінов пен Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Елге ел қосылса - құт дейді дана халқымыз. Бүгінгі депутаттық сауалым теріскейге көш жайында болмақ. Еліміздегі еңбек күшін реттеу мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды", деді Мұқаев.

Оның сөзінше, былтыр солтүстікке 2923 адам қоныс аударған. Оның 1320-сы — қандас. Ал биыл жиыны 8652 адамға квота бөлінген.

"2021-2025 жылдарға бұл бағдарламаға 46,7 млрд теңге бөлінсе де оң нәтижесін бермей отыр. Себебі көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек, бір ғана СҚО өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары солтүстік аймақтан көшіп кеткен адамдар саны алты жүз адамға толығып отыр.

Ал олардың саны жыл санап артуда. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Арқа жайлы болса арқар асып несі бар? Солтүстік Қазақстанда жұмыс аз, орташа жалақы төмен, үкіметтен берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай",деді депутат.

Мұқаевтың айтуынша, елімізде солтүстікке көшуге ынталы азаматтар көп. Дегенмен ниет білдіргендердің көшін көлікті, қонысын жайлы ету мемлекет алдындағы басты мәселелердің бірі, деді ол.

"Өз тәжірибемнен қоныс аударушылар сұранысын ескере отырып, төмендегі ұсыныстарды жолдаймын. Қоныс аударған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға үй құнынының 50 пайызын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын сомада қаржы беріледі. Бұл қоныс аударушыларға үлкен көмек. Әйтсе де, үкімет тарапынан салған баспананың сапасыздығына арызданғандар өте көп.

Жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.

Ауа райымен қоныс аударушылардың адаптациялық кезеңін ескере отырып, қоныс аударуды тек ерте көктемде жүзеге асырған жөн. Қоныс аударған ағайынға жат жердің тыныс-тіршілігіне үйренісуге жәрдемші болатын арнайы орталықтар мен бірегей сайт, жедел желі телефоны іске қосылу керек. Себебі қоныс аударушы қандастарымыздың көбі кирилль қаріптерін оқығанда қиналғандары байқалады.

Ал өзіміздің жергілікті халық болса көші-қон жайлы толық ақпарат біле бермейді. Себебі ақпараттандыру жұмыстары өте аз. Қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар көпбалалы отбасыларға да басымдық берілуі керек.

Қоныс аударғаннан кейін туылған әр сәбиге де берілетін жәрдемақы мөлшерін арттыруы - демографияға серпін берері сөзсіз. жұмыс орындарының санын көбейту мақсатында жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерліктерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзірленгені дұрыс.

Қоныс аударған жандарлың кәсібін дөңгелетіп кетеуге екі жарым пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелердің санын арттырып, субсидиялар, гранттарды ұлғайту керек",деді Дәулет Мұқаев.

Бұған дейін депутат палата отырысында халықты үймен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, ұсыныстарын айтқан болатын.

Еске сала кетейік, министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 8,5 пайызға (3180 теңгеден 3450 теңгеге дейін) артқан. Бұл ретте көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері де өскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019145-sapasy-syn-kotermeidi-deputat-daulet-muqaev-ontustikten-soltustikke-kosu-maselesin-koterdi/

pixel