Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Банктерді ауыздықтаудан бастау керек": депутат банктерде кепілде тұрған жерлерді қайтару мәселесін көтерді

Опубликовано:

Мал жайып жүрген адам
Мал жайып жүрген адам. Көрнекі сурет: Freepik / wirestock

Депутат Бақытжан Базарбек премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Қазақстанның бас прокуроры Берік Асыловқа жолдаған сауалында банктерге заңсыз кепілдікке берілген 2 млн гектар жерді Жер кодексінің 92-94 баптарына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Халыққа жайылымды жерлерді қайтарсақ банктерді ауыздықтаудан бастау керек. 30 жылда неше рет банктерді құтқардық, ағайын? (...). Банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан құтқару керек. Соның бірден бір жолы - банктерге кепілге қойылған ауылшаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек", - деді депутат.

Оның сөзінше, бүгінде бас прокуратураның ақпараты бойынша екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде 2 млн 390 мың гектар ауыл шаруашылығына жарамды жер жатыр.

"Оны банктер және қаржы ұйымдары өздері пайдаланбайды және сол жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды. Осы банктердегі кепілге қойылған қамауда жатқан 2 млн гектар жердің ішінде үлестік ауыл шаруашылық мақсатына жерлер бар екенін халық біле ме? Заңсыз жемқор әкімдердің кесірінен пайлары яғни шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып, әлек болып жүр", - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, соттар талап-арыздың көбісін қараусыз қалдырады я болмаса талап мерзімінің пайдаланып, үлескерлердің жерін банкке кепілге қою бойынша келісімшартты бұзу туралы талап-арыздарын қанағаттандырусыз қалдырады.

Оған қоса ел тұрғындарының кейбірі өз жерлерін банкке заңсыз кепілге қойылғанын 5-10 жылдан кейін білген болса, кей азаматтар мұны әлі күнге дейін білмейді.

"Қазақстан бойынша жер үлескері бар қазір ресми ақпарат бойынша 169 кәсіпорын бар. Бірақ бейресми ақпарат бойынша бұл кәсіпорынның саны одан да көп. Онда 80 мыңға жуық үлескер өзінің шартты жер үлестерін кәсіпорынға салып, бірі дивиденд алып жүрсе, көбісі кедейдің күнін кешуде. Халықтың көпшілігі өзінің жерлерін банкке заңсыз кепілге қойылғанын 5-10 жылдан кейін білген, ал қалғандары оны да білмейді", - дейді депутат өз сауалында.

Бақытжан Базарбек кепілшарттарды заң нормаларын қатаң бұзу жолымен жасалғандығына және халықтың шартты жер үлесін кепілге қою үшін кәсіпорын басшылары фиктивті жалпы жиналыс жасап, құжатты фальсификациялауға дейін барғанына сенімді.

Ол үкімет пен бас прокуратура бірлесе отырып мынадай шара қабылдауға ұсыныс жасады:

  • 2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап, шартты жер үлесінен тұратын және банктерге кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керек;
  • Үлескерлерге еркін ЖШС мен өзге де шаруашылық ұйымдардан шығудың заңдық мүмкіндігін қарастыру керек;
  • коммерциялық банктер иелігіндегі 2 млн гектар көлеміндегі жерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды дереу қамтамасыз ету қажет;
  • азаматтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарына кепілге қоюға екі жылға мораторий енгізу қажет;
  • заңсыз банктер мен қаржы ұйымдарына кепілге қойылған ауыл шаруашылық жерлердің тағдыры бойынша құқық қорғау органдарының ведомствоаралық комиссиясын құрудыы және комиссия қорытындының нәтижесінде кінәлі тұлғаларды қылмыстық қудалау науқанын бастау қажет.

"30 жылда онсыз да халық қазынасынан тойған банктер мен оның артында тұрған олигархтарды тойғызбай, халықты ойлайтын уақыт келді. Банк пен бизнестің көгін аулаймыз деп ауылдың халқын бақыр мен тақырға отырғызып қоймайық, ағайын", - деп қорытындылады депутат Бақытжан Базарбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019171-bankterdi-auyzdyqtaudan-bastau-kerek-deputat-bankterde-kepilde-turgan-zerlerdi-qaitaru-maselesin-koterdi/

pixel