Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Еуропадағыдай": Ақмола облысында орналасқан Қазақстандағы ең үлгілі ауыл туралы не білеміз

Опубликовано:

Ақмола облысындағы ауыл
Родина ауылы: Youtube/Обожаю

Ақмола облысы Родина ауылы Қазақстандағы ең үлгілі елдімекен ретінде белгілі. Ауыл көшесі бір қарағанда Еуропаны еске салады. Ел астанасынан 70 километр жерде орналасқан ауылдың тұрғындары өздерін бақытты сезінеді. Олардың сөзінше, алақандай ауылдың берекесін арттырып отырған - жергілікті кәсіпкер Иван Сауэр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Обожаю арнасына сілтеме жасап.

Арна тілшісі Асхат Ниязов аты аңызға айналған ауылда расында да тұрғындарға бар жағдай жасалғанын айтады.

"Әдемі үйлер, қоршаулар, шырша-тал, жолы мінсіз, тіпті жол жиегіне қоқыс жәшіктері қойылған. Бәрі суреттегідей. Көшенің бәрі асфальт. Ескі үйлерді бұзып, орнына екі қабатты таунхаустар салуда. Үйлердің алдында балаларға ойын алаңы, көлік қоятын тұрақ болады. Еуропадағыдай", - деп сипаттайды ол ауылды.

Бағдарламада аталған екі қабатты үйлер сатылмайтыны, баспанаға мұқтаж жергілікті тұрғындарға тегін берілетіні атап өтілген.

Екіқабатты үй
Родинада салынған екіқабатты үйлер. Видеодан кадр: Youtube/Обожаю

"Әрине, бұл үйлерді тегін береді. Кімдер алатыны алдын ала тізімде жазылады. Көбінесе жас отбасыларға береді. Тізімді құрған кезде адамның тегіне қарамайды", - дейді ауыл тұрғыны.

Журналистің хабарлауынша, ауылда барлығы дерлік жергілікті мал шаруашылығы кешенінде еңбек етеді. Онда "Родина" атымен танымал сүт өнімдері өндіріледі.

"Осы өнеркәсіпте жұмыс істеймін, айына шамамен 300 мың теңге жалақы аламын", - дейді бағдарламада тағы бір жергілікті тұрғын.

Айта кетейік, ауылда балаларға да жағдай жасалған. Елдімекен тұрғындарының игілігіне спорттық үйірмелер, фитнес залы, хоккей корты, хайуанаттар бағы, саябақ жұмыс істеп тұр.

Ауылға тіпті басқа ауыл-қалалардан туристер де жиі ат басын бұрады екен.

Тағы бір атап өтерлік жайт, Родина ауылында электр қуаты өндіріліп, ауылды қамтамасыз етеді. Ал ауызсу орталықтандырылған.

Жергілікті дүкен астаналық супермаркеттерден еш кем түспейді. Бұл дүкендегі азық-түлік бағасы бірден көзге түседі, өйткені жергілікті тұрғындарға арнайы картамен жергілікті сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар мен нан өнімдері, картоп арзан бағаға сатылады.

Мысалы 100 теңге туратын бөлке жергілікті адамдар үшін 50 теңгеге беріледі.

Сүттің бағасындағы айырмашылық
Екі түрлі сүт бағасы. Видеодан кадр: Youtube/Обожаю

Бағдарлама тілшісі әдеттегідей ауылдық әкімдікке де кіріп шықты. Алайда әкім еңбек демалысында екен. Журналист сауалына әкімдік маманы жауап берді.

"Ауылда ешқандай мәселе жоқ. Егер болса, бірден шешіледі. Әрине оның көп бөлігі "Родина" агрофирмасының көмегімен шешілетінін айта кету керек. Ал мемлекет қаржысына ауылдағы су құбыры жаңартылуда, жолды асфальттау да мемлекеттің қаражатына істелген, әрине агрофирманың қаржыландыруы арқылы жасалған жолдар да бар", - дейді маман.

Әкімдік өкілінің сөзінше, ауылда қылмыс атымен жоқ.

Бағдарлама тілшісіне ауыл халқы мақтан тұтатын агрофирманың басшысы Иван Сауэрдің өзі де сұхбат берген.

"Мен өзімді бұл ауылдың қожайынымын деп санамаймын. Заңды тұрғыда агрофирманың 40 пайызы ұжымға тиесілі. Біз кезінде оны ұжым болып жекешелендіріп алғанбыз. Бұл жекешелендіру бойынша пилоттық жоба болған. Оның нәтижесінде маған өнеркәсіптің 51 пайызын сатып алуға мүмкіндік берілді. 49 пайызын ұжым сатып алды. Бұл 29 жыл бұрын болған. Осы жылдар ішінде мен тағы 8 пайыз акциясын сатып алдым. Бірақ мен ешқашан өнеркәсіптің 100 пайызын иемденемін деген мақсат қоймадым", - дейді кәсіпкер.

Аталған агрофирма ауылдың қажеттілігіне жыл сайын миллиардтаған ақша жұмсайтыны белгілі болды.

"Ең аз қаражат жұмсалды деген жылы біз 550-600 млн теңге жұмсаймыз. Ал ең көп жұмсағанда бір жылда 1 млрд теңгеге дейін ақша бөлінеді.

Мысалы өткен жылы мешіт салдық, оған 350 млн теңге, 420 млн теңгеге газ қазандығын орнаттық. Содан тарайтын жылу желісін жасадық. Бұл қазандық ауылдық мәдениет үйін, мешітті, келер жылдан бастап мектепті, хоккей кортын, жаңадан салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенін жылытады", - дейді Иван Сауэр.

Кәсіпкер ауылына бұндай жомарттық танытуына не себеп екенін де айтқан.

"Адам не үшін өмір сүреді, не үшін саяхаттайды, қыдырады? Мен осылай рахаттанамын, осы жерден ләззат аламын. Маған көп нәрсе қажет емес, мен жылына 70 күн ғана ауылда болмаймын, оның өзінде ауылға қайтқанша асығамын", - дейді ол.

Сауэр ауылда зәулім үйде тұратынын, алайда Астанада үйі түгіл пәтері жоғын айтып сендірді.

"Менің осында өткізген 36 жылдық өмірімде Астанаға барып қонған күндерім саусақпен санарлық, онда қонақүйге тоқтаймын", - дейді ол.

Ол сондай-ақ, өз қыздары шетелде оқымаса да, ауыл балаларын шетелге оқуға жібергенін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019211-ui-tegin-beriledi-aqmola-oblysynda-ornalasqan-qazaqstandagy-en-ulgili-auyl-turaly-ne-bilemiz/

pixel