Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күніне 20 минут болса да сөйлесеңіз": белгілі меценат бала тәрбиесіне ұстаздан бұрын ата-ана жауапты екенін айтты

Опубликовано:

Нұркен Асанов студияда қонақта
Нұркен Асанов. Фото: "Сұрауы бар" жобасы

Елімізге танымал меценат Нұркен Асанов ұстаз мәртебесіне ерекше тоқталып, мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты дұрыстау қажеттігін айтты. Бұл туралы "Сұрауы бар" YouTube жобасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Нұркен Асановтың айтуынша, ұстаздың мәртебесін өсіретін де, өшіретін де – ата-ана.

"Қазақта "Жақсы әйел ердің басын төрге сүйрейді" деген мақал бар. Сол сияқты "Жақсы ата-ана ұстаздың басын төрге сүйрейді" деуге болады. Ұстаздың мәртебесін өсіретін де, өшіретін де – ата-ана. Мұны аксиома ретінде қабылдау керек. Өкінішке қарай, мектепке ата-ана "Не үшін?", "Неге?" деген сұрақпен барады.

Шын мәнінде, "баламызға, мектепке не істей аламыз" деген сауалға жауап іздеуіміз керек. Балаға есіктен кірмей жатып: "Мектепте не болды. Ұстазың не деді?" деген арандатушы сұрақ қойсақ, "Маша мен аюдың" күнін кешеміз. Өйткені осы мультфильмнен нәр алған бала өтірік жылап, өтірік күле салады. Ал бала көзді ашып-жұмғанша өсіп кетеді. Мұны ата-ана да байқамай қалады. Ұстаз, қоғам, ата-баба құндылығы туралы үйде әңгіме болмаған соң ол балаға өкпелеудің қажеті жоқ.

Кезінде бізге де мұғалім ұрсатын, зекитін. Бірақ әке-шешеміз қателік жасаған өзімізді кінәлап, екпінімізді басатын. Кейде ата-ана бала-шағасына Алладан да аса мейірімді болып кетеді. Соның зардабын қоғамнан, ортадан, ұстаздан, айналадағы достарынан да көріп келеміз. Айналып келгенде, бұл мәселе дастарқан басындағы шаруа.

Мұғалімді де ақтап жатқам жоқ. Мұғалімнің де түр-түрі бар. Індет кезінде той тойлап жүріп, онлайн сабақ бергендерді көрдім. Ұстаздық – жауапкершілік қызмет. Ол күлімсірей алмаса, мейірімді болмаса, онда дипломын қайтарып бере салсын. Ал кешегі Ахметтің ізгілігін балалардың бойына сіңіретін адам болсаңыз, алдымен рухыңызды түзеуге тиіссіз. Кейбір оқиға білімді, рухты ұстаз үшін өткінші жаңбыр болуы керек. Өткінші жаңбырдың артынан күн шығады ғой. Бірақ біз сол жаңбырдың астында қалып кетіп жатырмыз.

Бәрі отбасы – ошақ қасындағы тәрбиеге келіп тіреледі.

Жапыраққа құрт түссе, көзге көрінеді. Оған дәрісін сеуіп, емдеудің әрекетін жасайсыз. Ал дерт тамырға кетсе, өте қиын. Бұл тұқымды қайдан алғаныңызға байланысты. Ата-ана баланы берген мектебіне, ұстазына, ортасына, достарына мән беріп, зерделемесе болмайды.

Ата-ана таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, тапқан дүниені баланың үстінен төксе де, тамырға еніп кеткен дертті уақытында қарамаса қанша "вакцина" салса да кеш.

Ал бала мектепке барған бойда жапырағына түскен вирусты байқасаңыз, емдеуге мүмкіндік бар. Тамырға кірген нәрсе қиылады. Бақша иесінің міндеті – алмаға құрт түсірмеу. Оның технологиясы көп. Күніне он бес, жиырма минут баламен сөйлесіп, дәріптесеңіз, құрт түсірмейсіз.

Анадан – қасиет, әкеден – өсиет. Сондықтан рух көтерілмей, ештеңе болмайды. Әр ата-ана баласын тұлға ретінде қалыптастыруға амал жасауы қажет", - деді Нұркен Асанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019565-kunine-20-minut-bolsa-da-soileseniz-belgili-mecenat-bala-tarbiesine-ustazdan-buryn-ata-ana-zauapty-ekenin-aitty/

pixel