Қазақстанда 2029 жылға дейін танымал әлемдік университеттердің филиалы ашылуы мүмкін
Жарияланған күні:
Қазақстан өңірлерінде осыған дейін төрт халықаралық ЖОО өз филиалын ашты. 2029 жылға дейін кем дегенде тағы тоғыз танымал университетті шақыру жоспарланған. Бұл туралы Астана қаласында өткен Азия университеттері альянсы саммитінде айтылды, деп хабарлайды үкімет ресми сайтында.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Азия университеттері альянсы саммитінің аясында Астана қаласында өткен ұйым президенттерінің форумына қатысты.
Саммит - Альянстың негізгі іс-шараларының бірі, сондай-ақ ғалымдар, зерттеушілер мен саясаткерлер жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен даму үрдістерін талқылайтын платформа. Биыл Назарбаев Университеті қабылдаушы тарап болып, форум Астана қаласынды
Премьер-министр бұл іс-шара COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін Альянс университеттері басшыларының алғашқы жүзбе-жүз кездесуі екенін атап өтті.
"COVID-19 пандемиясы, технологиялық революция, жасанды интеллекттің дамуы және басқа да факторлардан туындаған әлемдегі қарқынды өзгерістер әртүрлі салаларда, әсіресе білім беру саласында инновациялық шешімдерге деген сұранысты арттыруда", - деді премьер-министр.
Форумда үкімет басшысы әлемдегі үрдістерді ескере отырып, Қазақстан 2027 жылға қарай ғылыми зерттеулерді қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар экономиканың барлық саласын қарқынды цифрландыру аясында Үкімет еңбек нарығына қажетті мамандарды тиісті деңгейде дайындау үшін жоғары оқу орындарының цифрлық архитектурасын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Оған қоса беделді шетелдік университеттермен арадағы ынтымақтастық нығайып жатқаны айтылды. Мәселен, төрт халықаралық ЖОО Қазақстан өңірлерінде өз филиалдарын ашты. Олардың арасында University of Arizona мен Heriot-Watt University бар. 2029 жылға дейін кем дегенде тағы тоғыз танымал университетті шақыру жоспарланып отыр.
"Қазіргі уақытта өңірлердегі қазақстандық университеттерді халықаралық деңгейдегі оқу орындарына айналдыру бойынша бастамалар іске асырылуда. Ол үшін оқу орындарын жабдықтау және зерттеу зертханаларын құру жұмыстары жүріп жатыр. Аталған орталықтар өңірлердегі стандартты көтеріп, академиялық және ғылыми дамуға ықпал ететін болады", - деді Әлихан Смайылов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020276-qazaqstanda-2029-zylga-deiin-tanymal-alemdik-universitetterdin-filialy-asyluy-mumkin/