"7 миллион теңгеге дейін айыппұл": елімізде ата-анадан ақша жинағаны үшін мектеп директорлары мен мұғалімдер жазаланады
Жарияланған күні:
Еліміздегі мектептерде ата-аналардан ақша жинау әлі тоқтамай тұр. Енді аталған заң бұзушылық үшін білім беру мекемелерінің басшылары мен мұғалімдер жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл туралы Талдықорғанда өткен білім саласындағы жемқорлықтың алдын алуға арналған жиында айтылды, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Телеарна мәліметінше, "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы екі есе өссе де, Қазақстандағы орта білім ошақтарында ата-аналардан ақша жинау дерегі азаймай тұр. Ал білім саласына бөлінетін қаржы үш есеге дейін ұлғайған. Ол өз кезегінде жемқорлық қауіп-қатерлердің артуына әкеліп соқтырған.
Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малаховтың айтуынша, соңғы үш жылда білім саласындағы жемқорлыққа қатысты 300-ден астам қылмыстық іс тіркелген.
"Оның ішінде 192 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 140 адам сотталды. Агенттік төрағасы біздің алдымызға нақты міндеттер қойды. Бөлінген қаржыны игерумен қоса жалақы төлеу мәселесі де жіті тексеріледі. Кемшіліктерді жою бағытында бірлескен шаралар қабылданып, еліміздегі барлық білім басқармасында жемқорлық қауіпке талдау жасау жұмыстары қолға алынды", - дейді Дмитрий Малахов.
Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның мектептердегі сыбайлас жемқорлықты өз күшімен жоя алмағанын, енді онымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысатынын атап өтті.
"Өзіміз қойдыра алмағаннан кейін, бұнымен енді тиісті ведомство айналысатын болады. Егер мектепте біреудің ақша жинағаны анықталатын болса, 7 млн теңгеге дейін айыппұл салу түріндегі санкция қолданылатын болады. 5 мың теңге жинаймын деп ертең директор не мұғалім осы соманы төлеуі немесе бас бостандығынан айырылу мүмкін. Бүкіл ұжымға ескертіп қойыңыздар. Тиісті қаржы бөлініп жатыр. Сондықтан ешкімнен еш нәрсе жинаудың қажеттілігі жоқ", - дейді Ғани Бейсембаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021655-7-million-tenge-deiin-aiyppul-elimizde-ata-anadan-aqsa-zinagany-usin-mektep-direktorlary-men-mugalimder-zazalanady/