Австралиядан келген турист Алматы тауларында жоғалып кетті (фото)
Жарияланған күні:
Алматы тауларында жоғалып кеткен австралиялық турист іздестірілуде. Бұл туралы қазақстандық еріктілер мәлімдеді. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті де шетелдік азаматты іздеуге кіріскендерін растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жоғалған шетелдік ер адам туралы ақпарат Instagram желісіндегі volontery_almaty_lider.kz парақшасында пайда болды.
Еріктілердің мәліметінше, 1995 жылы туған Нerd Jake Michael есімді Австралия азаматы іс-түзсіз жоғалып кеткен. Ол 21 мамырда Алматы қаласының Алмалы ауданындағы "727" хостелінен шығып, Үлкен Алматы көліне (БАО) баруды жоспарлаған. Содан бері ол туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Жоғалған ер адам белігілері: арықша келген, шашы қара қысқа, көзі қоңыр. Кішкентай мұрты мен сақалы бар, тақырбас жігіт.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті NUR.KZ тілшісіне шетелдік туристің жоғалып кеткенін растады.
Ведомство хабарлауынша, 22 мамыр күні сағат 22:25-те Республикалық жедел-құтқару жасағының, 109 құтқару қызметінің құтқарушылары және "Доброспас" еріктілері Бостандық ауданына (Үлкен Алматы көлі маңы) ер адамды іздеуге жіберілген.
"Жоғалғаны туралы хабарлама Алматы қаласы полиция департаментінің жедел басқару орталығының кезекшісінен келіп түсті. 21 мамырда ер адам хостелдегі бөлмесінен шығып, болжам бойынша Үлкен Алматы көліне қарай бағыт алып, қайта оралмаған. Шетелдік азаматты іздеу үшін жедел штаб құрылып, қаланың барлық жедел қызметі жұмылдырылып, дрон тартылды", - деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінен.
Кейін ТЖД іздеу-құтқару жұмыстарына 16 құтқарушы, бір кинологиялық топ, 2 техника және республикалық жедел-құтқару жасағынан тағы 3 қызметкері жұмылдырылғанын хабарлады.
Сонымен қатар іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы қаласы әкімінің апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен 24 құтқарушы, бір дрон, "КамАЗ" базасындағы құрылымды және құрылғыларды басқару пункті, үш құтқару техникасы, бір жол талағамайтын мотокөлік жұмылдырылған.
Бұған қоса, туристі іздеуге ондаған ерікті де атсалысуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021691-avstraliyadan-kelgen-turist-almaty-taularynda-zogalyp-ketti/