"Бізге күледі": Жамбыл облысында ауылдың спортшы жастары сахнада жаттығуға мәжбүр (фото)
Жарияланған күні:
Жамбыл облысы Кеңес ауылының жастары спортпен сахнада шұғылданып жүр. Дзюдо және қазақша күреспен айналысатын 70 бала мәдениет үйінің концерт залында шынығады. Сондай-ақ ауылдық амбулатория ұжымы да мәдени мекеменің ішіне көшіп барған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Меркі ауданы тұрғындарының айтуынша, ауыл жастарына 10 жыл бойы өз алдына бөлек нысан берілмеген. Салдарынан кеңестік жастар мектеп пен мәдениет үйінің арасында сабылып келеді. Биыл желтоқсан айында ауылдағы жалғыз күрес үйірмесі мектепке симағандықтан мәдениет үйіне көшірілген. Күреске жазылған 70 бала көрермен залында күніне екі мезгіл жаттығады. Олар шынығатын жер талапқа сай емес. Мәселен киім ауыстыру, шомылу және зілтемір көтерерін бөлмелері жоқ.
Ал күреспен 7 жыл бойы айналысып жүрген Мұрагер Базарбай жағдай жасалмағанына қарамастан жақында облыстың чемпионы болған. Балуан спортпен сахнада шұғылданатынын жарыстарға барғанда жасырып қалатынын айтады.
"Күрестен көптеген жарыстарға барғанда қатарластарыма қандай жерде жаттығатынымды көп айта бермеймін. Өйткені сырттағы адамдар, әсіресе қаладағы балалар біздің осындай жерлерде жаттығып жатқанымызға, шыны керек, күледі. Қалжыңдап болсын сөзбен қағытып қалады. Біздің де қала жастары секілді заманауи залдарда жаттығу жасағымыз келеді. Біресе мектепте, біресе осы жерде жүрдік", - дейді Мұрагер Базарбай.
Балалардың бапкері күрес үйірмесі жиі үзіле беретінін жеткізді. Мәдениет үйінде өтетін түрлі шаралар жеткіншектерді де шаршатып жіберген.
"Мәдениет үйінде өзінің биі болады, домбыра үйірмесі болады. Ауыл әкімінің де жиналысы болады. Сондықтан шынын айту керек, кейде тоқтап қалады. Іс-шара болатын кезде біресе кілемді жинаймыз, шара біткен соң қайта жаямыз. Оның бәрі уақыт, проблема. Ауылға қаншама рет облыс басшылары, мәжіліс депутаттары келіп жатыр. Оларға да айтамыз, бірақ әлі нәтиже жоқ", - дейді жаттықтырушы Ақжол Сатаров.
Ал ата-аналар ауыл балаларының жалғыз ермегі осы спорттық үйірме деп отыр. Бірақ саулығын күшейтеді деп спортқа бергенімен, денсаулығына алаңдайтынын айтады.
"Көңіліміз толмайды. Сол темір-терсегіміз жоқ, оны көтермеген бала қайдан чемпион болады. Бір дұрыс зал болса екен дейміз. Үйге терлеп-тепшіп келеді. Әрқайсысы алыс-алыс көшелердегі үйлеріне жаяу барады. Тұратын жерлеріне жеткенше суық тиіп жатыр, балалардың аяғына жара шығып, грибок болып жатыр. Осының бәрі сол жуынатын бөлменің жоқтығынан", - деді ауыл тұрғыны Елдос Алтынбеков.
Меркі ауданы әкімдігі 3 мың тұрғыны бар Кеңес ауылы барлық спорт түрінен аты алысқа шыққанымен мақтанады. Бірақ жағдай жасалмағанын мойындайды.
"Бұл енді уақытша әрі қалыпты жағдай. Басқа ауылдық жерде мәдениет үйінен басқа ғимараттар жоқ. Сондықтан осы мәдениет үйінде спортпен айналысады. Жарыстарға осы жерден барады. Ауыл жастары күреспен қатар футбол мен волейболдан да жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр. Аудан бойынша өз орны бар. Ал енді Кеңес ауылына спорт сарайын салуға әзірге қаржы көзі жоқ. Дегенмен 2025 жылы жаңа кешен салу жоспарымызда бар. Оған дейін мәдениет үйінде жаттыға тұруға тура келеді", - деді Меркі ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Қасабеков.
Әкімдік тарапы ауылдық амбулаторияда құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан оның ұжымы Мәдениет үйінде уақытша отыр деп түсіндірді. Екі аптадан кейін өз ғимараттарына көшірілмек. Жалпы Меркі ауданында ұзын саны 45 елдімекен бар. Оның 10-нан астамында заманауи талаптарға сай спорт кешені жоқ. Атқамінерлер адам саны аз елдімекен жастары көрші ауылдарға барып жаттығу жасайды деп отыр.
Автор: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021777-bizge-kuledi-zambyl-oblysynda-auyldyn-sportsy-zastary-saxnada-zattyguga-mazbur/