Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттегі этносаябақта мезгілсіз солған жеті жүз түп ағаш кесіледі

Опубликовано:

Қарағай тұқымдас ағаштар
Шымкетте қарағай тұқымдас ағаштар солып қалған. Видеодан кадр: 24.kz

Шымкентте мезгілсіз солған қылқан жапырақты ағаштар қысқы аязға шыдамай үсіп кеткен. Салдарынан бір ғана этносаябақта жеті жүз түп ағаш кесіледі, деп хабарлайды "Хабар 24".

Телеарна мәліметінше, Шымкенттегі этносаябақтағы солып қалған ағаштар кесілмесе, жанындағы сау қарағайлар да ауру жұқтырып, қурап кетуі мүмкін.

Ал табиғат жанашырлары шаһарға көрік береді деп егілген ағаштарға дұрыс күтім жасалмағанын алға тартады. Этносаябақта қарағай тұқымдастарының үш түрі егілген. Солардың бірі жаз басталмай жатып, солып қалған.

Телеарна дерегінше, солған ағаштар - Өзбекстанда будандастырылған қарағайдың "Эльдар" деген сорты. Ыстыққа төзімді болғандықтан сол жақтан арнайы әкелінген. Алайда күн көзін жақсы көретін өскін қысқы аязға шыдамай, үсіп кеткен. Табиғат жанашыры Роза Байсариева өскіндерді суару жүйесі мен оның күтіміне де көңілі толмайтынын айтады.

"Қырым қарағайын будандастыру арқылы алынған қарағайдың түрі мынау. Ол бізге сәйкес келмейді. Арзан заттың құны да болмайды. Жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының кемшілігі. Тендер ұтқандар қандай ағаш әкелді, соның қыр-сырын анықтап, содан соң егу керек еді", - , биолог Роза Байсариева.

Шаһарда қылқанжапырақты ағаштың жетпіс мыңнан астам түрі бар. Оның он мыңға жуығы қайта көктемеді. Салаға жауаптылар бар кінәні табиғаттың қатал мінезіне жауып отыр. Қураған ағаштардың бойына нәр жүгірту үшін өңдеу жұмыстары қолға алынған. Ал желек жаймаған 700-дей ағаш маусым айында түбінен кесіледі.

"Мердігер мекеме бар 5 жылға жекеменшік әріптестік қарастырылған. Өзінің инвестициясы бар. Соның есебінен сол жердегі 700 үсік шалған қылқан жапырақты алқапты қалпына келтіріп беретін болады. Биыл күз айларында шаһарға тағы 200 мың жас көшет егіледі. Бірақ бұл жолы суыққа төзімді түрін егеміз, дейді мамандар", - деп жауап берді Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбілхайыр Оңғар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022279-symkentegi-etnosayabaqta-zappai-mezgilsiz-solgan-zeti-zuz-tup-agas-kesiledi/

pixel