Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жекпе-жекке шығуды талап еткен": Ақтөбе облысында ауыл әкімінің өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда

Жарияланған күні:

Сот отырысы
Сот отырысы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы Алға аудандық сотында былтыр желтоқсан айында қаза болған Қарабұлақ ауылы әкімінің өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Күдікті өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылы 11 желтоқсанда Қарабұлақ ауылының әкімі түнгі мезгілде шаруа қожалығына жылқы алуға барған көрінеді. Марқұм болған жәбірленуші мен күдікті таныстарымен бірге Алға ауданына қарасты Сарықобда ауылдық округіндегі шаруа қожалығында кездескен. Сот отырысында олардың бәрі бірге ішімдік ішкені айтылды. Кейін көрші Болгарка ауылындағы дүкеннен тағы ішімдік алуға барған. Дүкеннен ішімдік алып, сол ауылдағы таныстарының үйінде қонақта болады.

Сондай-ақ іс материалдарында сол жерде сотталушы мен жәбірленушінің сөзге келгені айтылған. Кейін олар шаруа қожалығына қайтып, ішімдік ішуді жалғастырған.

"Ішімдік ішу барысында М. масаң күйде Ө-ден жекпе-жекке шығуды талап етіп, балағат сөздермен тиіскен. Бір-бірінің жағасынан алып, жұлқылай бастаған. Осы кезде Ө. ашуланып, оң жақ белдігінде тұрған тергеумен анықталмаған пышақты алып, М.-ның іш қуысы аймағына бір мәрте ұрып, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген", – дейді прокурор Нұрлан Сандыбай.

Сотталушы тағылған айыпты ішінара ғана мойындайтынын айтты.

Ал жәбірленушінің туыстары қылмыстық істің жан-жақты тергелгенін қалайды. "Кісі өлтіру" бабымен қозғалған қылмыстық істің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабына ауыстырылуымен келіспейді.

"Біз осыған дейін Бас прокуратураға, Президент әкімшілігіне, Антикорға шағым түсірдік. Қылмыстық кодекстің 99 бабымен тергелген қылмыстық іс сотқа жіберілетін кезде Қылмыстық кодекстің 106 бабына өзгертілді. Бұл негізсіз деп санаймыз.

Күдіктінің таныстары бізді және қорғаушымызды қорқытты. Баптың өзгеруі солардың айтқаны орындалып жатыр деген күмән туғызады. Сыбайластық әрекеттің жоқтығын тексеруді сұраймыз", – деді марқұмның қарындасы.

Айта кетейік, 36 жасында қаза тапқан марқұм Ернар Махамбетовтың артында төрт ұлы, 30 жасқа толмаған жесір келіншегі қалды. Марқұм Қарабұлақ ауылдық округін 4 жыл басқарған. Сол ауылда өзі туып өскен.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022514-zekpe-zekke-sygudy-talap-etken-aqtobe-oblysynda-auyl-akiminin-olimine-qatysty-qylmystyq-is-qaraluda/