38 градус ыстық және өрт шығу қаупі: Қазақстанның бірқатар аймағында дауылдық ескерту жарияланды
Жарияланған күні:
Қазақстанның бірқатар облысында дауылдық ескерту жарияланды. Синоптиктердің болжауынша, кей аймақтарда қатты аптап ыстық және жоғары өрт шығу қаупі күтіледі. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК ресми сайтында хабарлады.
31 мамыр күні Маңғыстау облысының оңтүстігінде, шығысы мен солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Облыстың оңтүстік-шығысынан жел соғып, оңтүстігінде, шығысында және солтүстігінде 15-20 м/с жетеді. Күндіз Маңғыстаудың оңтүстігінде 38 градустық қатты ыстық күтіледі.
Ақмола облысының солтүстігі мен шығысында найзағай күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады. Күндіз облыстың солтүстігінде және шығысында жел екпіні 15-20 м/с болуы ықтимал. 31 мамыр, 1-2 маусым айында жоғары өрт шығу қаупі болжанады.
31 мамыр, 1-2 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында жоғары өрт шығу қаупі күтіледі. Күндіз 1-2 маусым аралығында 35-37 градусқа дейінгі қатты ыстық болады. Сонымен қатар синоптиктердің болжауынша, Петропавл қаласында 31 мамырда және 1-2 маусымда жоғары өрт шығу қаупі болуы ықтимал. Күндіз 1-2 маусымда 35-36 градустық қатты ыстық күтіледі.
Синоптиктер 31 мамыр күні Атырау облысының батысында, солтүстігінде найзағай болуы мүмкін дейді. Ал облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғып, облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с жетеді. Күндіз Атырау облысының басым бөлігінде 37 градустық қатты ыстық болжанады. Шығысында өрт шығу қаупі сақталады. Атырау қаласында оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде жел екпіні 15-18 м/с құрайды. Күндіз 36 градусқа дейінгі қатты ыстық күтіледі.
Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Шығыстан жел соғып, солтүстігі мен батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында желдің күші 15-20, екпіні 23 м/с дейін жетеді. Шымкент қаласында күндіз шығыстан жел соғады және екпіні 15-20 м/с құрайды. Түркістан қаласында болса күндіз шығыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с жетеді.
Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде найзағай күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан және оңтүстіктен соғады. Облыстың батысында, оңтүстігінде және солтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с жетеді. Орал қаласында күндіз найзағай күтіледі. Ал оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктен жел соғып, күндіз оның екпіні 18 м/с құрайды.
Ақтөбе облысында оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен жел соғып, күндіз облыстың солтүстігінде, батысында жел екпіні 15 м/с құрайды. Күндіз облыстың басым бөлігінде 35-37 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі. Облыстың басым бөлігінде жоғары өрт шығу қаупі бар. Ақтөбе қаласында күндіз 35 градусқа дейінгі қатты ыстық болмақ және жоғары өрт шығу қаупі күтіледі.
Абай облысының солтүстігінде төтенше өрт шығу қаупі сақталады, ал шығысында төтенше өрт шығу қаупі болжанады.
Жетісу облысының таулы аудандарында найзағай күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады және облыстың шығысында, орталығында, таулы аудандарында жел екпіні 15-20 м/с жетеді. Сондай-ақ күндіз Алакөл ауданында жел 23-28 м/с дейін жетеді. Ал Талдықорған қаласында күндіз солтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с құрайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022706-38-gradus-ystyq-zane-ort-sygu-qaupi-qazaqstannyn-birqatar-aimagynda-dauyldy-eskertu-zariyalandy/