Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәрінің желкесі тесік": Алматы облысы Жаңалық ауылында ату жазасына кесілген адамдардың сүйегі әлі де табылып жатыр

Жарияланған күні:

Мүрденің қазба жұмыстары
Мүрденің қазба жұмыстары. Фото: Almaty.tv

Алматы облысы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген азаматтардың сүйегі табылды. Бұл туралы Almaty.tv арнасы хабарлады.

Телеарнаның хабарлауынша, Алматы облысы Жаңалық ауылында қазба жұмысы жүргізіліп жатқан аумақта тағы да адам сүйектері табылуда.

Жаңалық ауылында бұған дейін де бірнеше рет адамдардың мүрдесі анықталған болатын. Телеарна мәліметінше, 2018 жылы 56 адамның қаңқасы табылған. Олар 1 метрден сәл ғана асатын тереңдікте көмілген.

Қазба жұмыстары кезінде мамандар терең көмілмеген жерде адамға тиесілі тізе, жауырын мен қабырға сүйегін тапқан. Сондай-ақ бұл аумақта осыған дейін адамдардың бас сүйегі, тірі кезінде қолданған заттары және дене қаңқалары қазып алынған.

"Үш-төрт домалақ көзілдірік табылды. Мүштік, теріден тігілген мәсі бар. Жай адамдардың заттары емес. Бір-біріне қатып қалған, салмағы 1-2 кг гильза бар. Бәрінің желкесі тесік", – деді Жаңалық ауылының тұрғыны Мұрат Қырғызбайұлы.

Бүгінде 50-ден аса адамның денесі табылған жерде ресми зерттеу басталды. Археологтардың пайымдауынша, атылған адамдар топ-тобымен осы аумаққа тасталған.

"Ресей, басқа да посткеңестік мемлекеттерде іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын алғаш зерттеп отыр", – деді зерттеу тобының аға ғылыми қызметкері, археолог Бауыржан Бейсетаев.

Әр жылдары табылған сүйектердің сақталу деңгейі де әр түрлі. Қырға көмілген денелер сайда көмілген денелерден қарағанда әлдеқайда жақсы сақталған. Мамандардың болжамынша, бұған ауа температурасы мен жердің ылғалдылығы әсер еткен.

"Үш-төрт күн бұрын осы жерде барлау жасадық. Алматы өзенінің сол жағынан да, оң жағынан да қазылған ор бар. Негізінен, сол шұңқырды пайдаланып сарбаздар оқу-жаттығу өткізді ме екен деп ойлаймыз. Қараймыз деп белгілеп қойған 20 нүкте бар", – деді зерттеу тобының ғылыми қызметкері Руслан Шербаев.

Жаңалық ауылында табылған адам қаңқасының жасы шамамен 168 жыл. Биылғы зерттеуде бұл қатарға тағы біршама материал қосылады. Археологтардың болжамынша, ауыл маңында 2 мыңға жуық репрессия құрбаны жерленуі мүмкін. Ал көмілген адамдардың денесімен бірге табылатын құжаттар мен құнды бұйымдар тарихқа елеулі үлес қосуы ықтимал.

Авторы: Мадина Оқас, Рашидин Якупов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022917-barinin-zelkesi-tesik-almaty-oblysynda-atu-zazasyna-kesilgen-adamdardyn-suiegi-tabyldy/