Тоқаев оқушыларға арналған инновациялық шығармашылық орталығының жұмысымен танысты (фото)
Жарияланған күні:
Алматыға жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Наурызбай ауданында орналасқан мектеп жасындағы балаларға арналған инновациялық шығармашылық орталығының жұмысымен танысты. Бұл туралы Ақорда ресми сайтында хабарлады.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталықта ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық шығармашылық, экологиялық-ботаникалық клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді.
Онда президентке кәсіби бағдарлау кабинетінің және авиамодельдеу, виртуалды зертхана, баламалы энергия көздері сияқты үйірмелердің жұмысы таныстырылған.
Мемлекет басшысы орталықты аралау барысында жеткіншектермен әңгімелесіп, оларды бүгінгі мерекесімен құттықтаған. Сондай-ақ балалардың дарынын, қабілетін дамыту үшін осындай орталықтар аса қажет екенін атап өткен.
"Президент балаларға олар ұнаған іспен айналысса, өмірде үлкен жетістікке жететінін және қоғамда құрметті азамат бола алатынын айтып, сәттілік тіледі", - деп жазады Ақорданың ресми сайты.
Инновациялық шығармашылық орталығында мыңнан астам бала бір мезгілде түрлі үйірмеге және спорт секциясына қатыса алады. Бұдан бөлек, мұнда психологиялық-педагогикалық түзету, дефектолог, логопед кабинеттері жұмыс істейді, оған қоса 300 орындық көрермен залы, медиакөрме, интерактивті ойын және коворкинг алаңдары қарастырылған.
Сондай-ақ ️ведомствоның хабарлауынша, Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаладағы қосымша білім беру саласының дамуы жөнінде айтты. Оның сөзінше, бүгінде қалада қосымша білім беретін 17 мекеме бар.️ Мектеп жасындағы 320 мың баланың тек 10 пайызы тегін үйірмелермен және спорт секцияларымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар президенттің тапсырмасы бойынша "100 заманауи оқушылар сарайын салу" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алатау ауданында да инновациялық шығармашылық орталық салынған. Осыған ұқсас нысандардың балаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Түрксіб және Бостандық аудандарында бұрынғы оқушылар сарайының орнына жаңа даму және шығармашылық орталықтарын салу жоспарланған.
Жалпы, қала басшылығы 2025 жылдың соңына қарай тегін қосымша біліммен қамту көрсеткішін 25 пайызға жеткізуді көздеуде.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға бір күн бұрын келген болатын. Қала бойынша сапары барысында мемлекет басшысының баспасөз қызметі мегаполистің әлеуметтік нысандарын аралап, бірқатар кездесулер өткізетінін, оның ішінде Корея Сыртқы істер министрлігінің басшысымен кездесу ұйымдастыратынын хабарлаған болатын.
Бүгін Мемлекет басшысы Twitter желісіндегі ресми микроблогында қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022942-toqaev-oqusylarga-arnalgan-innovaciyalyq-sygarmasylyq-ortalygynyn-zumysymen-tanysty-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.