Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңаөзендік мұнайшылар Астанаға тағы баруға ниетті екенін айтуда

Жарияланған күні:

Читать на русском
Жаңаөзен
Жаңаөзен. Фото: instagram.com/akimdik_janaozen

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жаңаөзендік мұнайшылар туралы пікір білдірді. Бұған дейін олар талаптарының орындалмағанын айтып, Астанаға тағы баруға ниетті екенін айтқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Брифинг барысында журналистер жаңаөзендік мұнайшылардың 15 маусымда Астанаға келуге ниет білдіргенін еске салды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің айтуынша, оларға "Мөлдір Мұнай Сервис" компаниясына жұмысқа орналасу ұсынылған. Алайда бұл жұмыс, мұнайшылардың сөзінше, жыл соңына дейін ғана жалғасады. Сонымен қатар олардың еңбек қауіпсіздігіне қатысты талаптары да орындалмайды. Осы орайда журналистер әкімнен бүгінгі жағдай қандай екенін сұрады.

Нұрлан Ноғаев биыл тендерден тек "БерАли Маңғыстау" компаниясы ғана ұтылмағанын айтады. Оның сөзінше, дәл осында 57 компания бар, бүгінде ҚМГ қабылдаған шаралардың арқасында 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан - олар тендер ұтқан компанияларға жұмысқа ауысқан.

"Жалақысы, еңбек жағдайы бұрынғы жұмыс орнынан кем емес. Бұл шаралар жаңаөзендік мұнайшыларға да ұсынылды. Бірақ олар тендер ұтқан компанияның штатына ауысу туралы ұсынысты қабылдамады, өйткені олар кезінде бұл компаниядан жұмыстан шығарда даулы жағдай болған.

"Мөлдір Мұнай Сервистің" жыл соңына дейін жұмысы бар, әзірге сол жерде жұмыс істеуге ұсыныс жасалды, содан кейін, үш жылдық келісімшартқа қол қойылғаннан кейін, егер компания тендерді жеңіп алса, біз оларды үш жылға, кейін тағы бір жылға жұмысқа орналастырамыз дедік (егер компания барлық талапты орындаса - ред. еск.).

Осындай ұсыныс болды. Бірақ олар материалдық-техникалық базасы әлсіз, еңбек қауіпсіздігіне сай емес деді", - деді әкім.

Әкімнің сөзінше, ол жерде жұмыс істеуге жағдай жасалған.

"Иә, мен олардың Астанаға қайта барғысы кеп жүргенін білемін. Қандай шешім бар? Қолымыздан келгеннің бәрін оларға ұсындық. Біз келіссөз үстеліне отыруымыз керек және барлық тараптың мүмкіндігін қарастыруымыз керек. Және не қажет екенін түсініп, соған сай шешім қабылдау керек", - деп түйіндеді сөзін әкім.

Еске салайық, 2023 жылдың 10 сәуірінде елордадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналған 60-тан астам адам "Өзенмұнайгаз" ұжымына жұмысқа тұруды талап еткен болатын.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының мәліметінше, жиналғандар бұрын "Өзенмұнайгаз" АҚ үшін мұнай саласының қызметтерін көрсету бойынша тендерде ұтылған "БерАли Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.

Компания қызметкерлеріне орташа есеппен 700 мың теңгені құрайтын жалақыларын сақтай отырып, басқа компанияға ауысу ұсынылған. Бірақ "БерАли Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері тендер қорытындысын жоюды талап етіп, шарттардан бас тартқан.

Бұл жағдайға Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пікір білдірді.

"Біз оларға бұдан жаман емес ұсыныс жасадық. Жұмыспен қамтуды ұсындық. Байқау шартында міндетті түрде жабдықтың сапасына, арнайы техниканың санына, қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптар болады. Менің ойымша, бұл ақпараттың бұрмалануы", - деген еді ол.

Кейін Энергетика министрлігі ғимаратының жанына жиналған жұмысшылардың ұсталғаны белгілі болды. Елордалық полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов Астанада ұсталған жерлестерін қолдау үшін қала алаңына шыққан жаңаөзендіктерге видеоүндеу жасады.

Біраз уақыт өткен соң ереуілге шыққан жұмысшылардың өкілдері мәлімдеме жасады. Олар бұған дейін Энергетика министрлігі ғимаратының жанына жиналғандардың барлығы Маңғыстауға қайтарылып жатқанын хабарлады. Айтуларынша, жұмысшылардың сауалдары мен талаптары одан әрі құрамында "ҚазМұнайГаз" өкілдері бар комиссия арқылы шешілетін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023132-zanaozendik-munaisylar-astanaga-tagy-baruga-nietti-ekenin-aituda/