Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жас болса да, батыл": Шымкентте өзенге батып кеткен баланы құтқарған оқушылар марапатталды (фото)

Опубликовано:

Суға батқан баланы құтқарған жасөспірімнің бірін ТЖД өкілі марапаттауда
Суға батқан баланы құтқарған жасөспірімнің бірін ТЖД өкілі марапаттауда. Фото: Шымкент қалалық ТЖД

Шымкентте өзенге батып кеткен 6 жасар баланы құтқарып қалған оқушылар мараптталды. Бұл туралы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен №128 қалалық орта мектептің оқушылары - Рамазан Аманкелдиев пен Ердәулет Шыңғысхан алғыс хатпен марапатталған.

Сонымен қатар оларды Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті де марапаттап, естелік сыйлықтар табыс еткен.

Суға батқан баланы құтқарған жасөспірім анасымен
Суға батқан баланы құтқарған жасөспірім анасымен. Фото: Шымкент қалалық ТЖД

Еске сала кетейік, оқиға 2023 жылдың 10 мамырында Шымкент қаласының Игілік тұрғын алабындағы Бадам өзенінде болған еді.

Өзенге бір топ баламен шомылуға келген 8-сынып оқушысы Ердәулет пен 9-сынып оқушысы Рамазан сол жерде өзге балалардан кішкентай баланың өзенге батып кеткенін естиді. Олар бірден оқиға орнына барып, су бетінде қалқып жүрген баланың жансыз денесін көрген. Жасөспірімдер еш ойланбастан суға секіріп, балақайды жағаға шығарған.

Кенет Рамазан баланың іші ісіп, көгере бастағанын байқаған. Ол тез арада реанимациялық іс-әрекеттерге көшкен. Оған досы Ердәулет көмектескен. Тоқтаусыз және дер кезінде жасалған көмектің нәтижесінде 6 жасар бала есін жиып, дем ала бастаған.

"Уақытында көрсетілген медициналық көмек баланың өмірін сақтап қалды", - дейді ТЖД өкілдері.

Осы орайда Шымкент қаласы ТЖ департаменті Бадам өзені шомылуға тыйым салынған жер екенін атап өтті. Жалпы Шымкент қаласында шомылуға арналған 13 орын бар, олар қалалық ТЖД сайтында орналастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023228-zas-bolsa-da-batyl-symkentte-ozenge-batqan-balaqaidy-qutqargan-oqusylar-marapattaldy-foto/