Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ат үстіндегі дефиле, «қымыз жарыс»: Алматыда өткен SAQ этнофестивалі немен ерекшеленді

Опубликовано:

SAQ этнофестивалі
Фото: Роман Либерчук

Өткен демалыс күні Алматыда ерекше шара өтті. Ат құлағында ойнайтын атбегі Құндыз Бошагулова Saq Fest деп аталатын этнофестиваль ұйымдастырып, қалалықтарға ұлттық нақышта өткен шарада рухани демалып қайтуға мүмкіндік жасады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған фестиваль Jusan Bank қолдауымен жүзеге асты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Сенбі күні Алматы қаласының тұрғындары тау бөктерінде өткен Saq Fest этнофестиваліне ағылды. Шараның ерекшелігі сол – оған келген қонақтардың барлығы ұлттық нақышта киініп келген. Көздің жауын алатын ұлттық киім киген қыздар шараның сәнін келтірсе, құмай тазы ертіп, сәйгүлік мінген батырлар образындағы ерлер фестивальдің көркі болды. Таза ауада ұйымдастырылған фестивальдың бағдарламасы да бірегей: бәйге, қымыз жарыс, аударыспақ, қазақша күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, қонақтарға киіз үйдегі ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды. Этнофестивальдың негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеп, ұлттық ойындарын кеңінен таныту. Одан бөлек, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін осындай шаралардың аясын халықаралық деңгейде кеңейте түсу. Бұл туралы шара ұйымдастырушысы Құндық Бошагулова айтты.

SAQ этнофестивалі
Фото: Роман Либерчук

«Жылқы жануарын ерекше жақсы көремін. Олардың энергетикасы өте керемет. Өзімнің өмірлік құндылықтарым, мақсатым болғандықтан былтыр, бір жыл бұрын ат клубын ашып, осы бағытта жұмыс істей бастадым. Негізгі мақсатым – қазақы мәдениетті дәріптеу, елге таныту. Биыл менің ат клубыма бір жыл толып отыр. Бір жағынан бір жылдық жұмысымызды қорытындылауды мақсат тұтсам, екінші жағынан өзге елдердегі секілді өзіміздің ұлттық болмысымызға сай ауқымды фестиваль ұйымдастыруды дәстүрге айналдыруды көздеп отырмын. Бразилияда «би фестивалі» бар, Жапонияда сакураның гүлдеуіне орай фестиваль өткізеді, Үндістанның «бояулар фестивалі» де әлемге әйгілі. Ал мен жылқы дегенде қазақ еске түсетіндей этнофестиваль ұйымдастырып, қазақ халқы мен жылқының байланысын әлемге көрсеткім келеді. Қолдап, демеу көрсеткен барша жанға алғыс айтамын. Оның ішінде Jusan Bank-ке де көп рахмет», - дейді ол.

Ол болашақта мұндай фестивальды жыл сайын ұйымдастыруды көздеп отырғанын жеткізді. Шарада ұлттық спорт түрлерінен жарыстардан бөлек жылқы үстіндегі дефиле ерекшелігімен ел назарын өзіне аударды - Құндыз Бошагулова қазақы нақыштағы ұлттық киімдерді көпшілікке ұсынды. Одан бөлек, арнайы фотоаймақтарда қонақтар үшін тазылармен, бүркіттермен тегін фотосессия жасау мүмкіндігі де қарастырылыпты.

SAQ этнофестивалі
Фото: Роман Либерчук

Қонақтар арасында алыстан ат арылтып келгендер де жоқ емес. Мәселен, әлеуметтік желіде «жылқышы қыз» ретінде танылған солтүстікқазақстандық Асыл Ахметова шараға арнайы келіпті. Айтуынша, мұндай шаралар халықтың ұлттық болмысымызға деген қызығушылығын оятып, рухани дүниені байыта түседі. Ал шараның тағы бір арнайы қонағы Жамиға қажы апа жасы 77-де болса да, атқа мініп, ерекше күйге бөленгенін айтады.

SAQ этнофестивалі
Фото: Роман Либерчук

«Осыдан 40 жыл бұрын боз айғырдың үстінде ат жарысқа қатысып едім. Сол жас кезім есіме түсіп, қызығып, атқа мініп, бір айналып келдім. Емін-еркін ат үстінде шауып көрмек болдым. Өмір деген осы. Жасым 77-де. Қартайып қалдық. Омбы облысынан 1966 жылы оқуға түсуге келгенмін.Шет тілдер инстутитын, одан соң ҚызПИ-ді бітіріп, 25 жыл жұмыс істедім. Зейнетке шыққаннан кейін Ислам институтында 4 жыл тағы оқыдым. Қазір Алматы мешітінде жамағатым бар, құран оқимын. Алты рет Мекке-Мәдинеге барып келдім. Сонда да жылқыға мінген жас күнімді сағынамын. Сол күндерді еске түсірген бүгінгі шара үшін рахмет. Өте өнегелі әрі, келер ұрпаққа ой саларлық дүние екен. Ауқымы кеңейіп, жыл сайын осындай фестивальге келе берейік», - деп батасын берді абыз әже.

SAQ этнофестивалі
Фото: Роман Либерчук

Шара жайлы Jusan Bank-тің PR директоры Гаухар Керімова өз ойын білдірді.

«Jusan ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті сақтау және насихаттау біздің болмысымызды қалыптастырудың негізгі факторы деп біледі. Сондықтан біз қазақстандықтардың ұлттық мәдениет пен тілдің сақталуына ықпал ететін жасампаз бастамаларын қолдаймыз. SAQ Fest сияқты жобалар өткен мен болашақ арасындағы алтын көпір. Мұндай шаралар әсіресе өскелең ұрпақ үшін ұлттық бай мәдениетіміз бен қазақ тілін үйренуге шабыт сыйлайды деп ойлаймыз. Jusan үшін бұл шараға қатысу жай ғана брендті таныту емес, бұл Қазақстанның бірегей мәдениетін сақтау үшін осындай бастамалардың драйверіне айналу мүмкіндігі», - дейді Гаухар Керімова.

Айта кету керек, этношараға шамамен барлығы 700 адам қонақ болып келді. Шараның соңы мерекелік шоу бағдарламаға ұласты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023412-at-ustindegi-defile-qymyz-zarys-almatyda-otken-saq-etnofestivali-nemen-erekselendi/