Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысындағы Мақаншы және Абыралы жеке аудан болып құрыла ма: облыс әкімі жауап берді

Опубликовано:

Нұрлан Ұранхаев
Нұрлан Ұранхаев. Фото: facebook.com/ortcomkz

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірде жаңадан екі аудан құру мәселесіне қатысты пікір білдірді. БАҚ өкілдерінің осыған қатысты сұрағына жауап берген әкім бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингте журналистер өңір басшысы Нұрлан Ұранхаевқа жылдың басында екі аудан құрылатыны туралы айтқанын еске салды.

Тілшілер Мақаншы ауылына байланысты - онда бөлек аудан құруға халық саны жеткілікті екенін, ал Абыралы бойынша мәселе әлі талқыланып жатқанын айта келе, осы турасында қандай жоспар барын әкімнің өзінен естігісі келгенін айтты.

Әкім бұл екі ауданды құру-құрмау мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылғанын жеткізді.

"Былтыр тамыз айында Үржар ауданына барғанмын, Мақаншыда болдым. Сонда ауылдың ақсақалдарымен кездескем, олар осы мәселені көтерді, яғни, қашан біздің мәселеміз шешіледі, қашан екіге бөлінеміз деп (Үржар ауданының құрамынан бөліну - ред.). Мен сол кезде ол кісілерге барлық мәселені зерттеп, бүкіл құжатты дайындап, үкіметке жіберуіміз керек екенін айттым, себебі ол қолма-қол шешілмейтін мәселе. Біз осы жұмысты жүргізіп, үкіметке жібердік. Үкіметте жұмыс тобы құрылды. Олар жұмыс істеп жатыр.

Ал Абыралы бойынша айтар болсақ, Абыралының тумалары, 8-9 ақсақал дәл осы мәселе бойынша менің қабылдауымда болған. Сол кезде мен оларға да "зерттейік, көрейік" дедім, шешім қабылдайтын мен емеспін. Бірақ осы мәселеге қатысты барлық жұмысты жасаймыз, дайындаймыз дедім. Қазір сіздің сұрағыңызға жауап берейін: мұнда да жұмыс тобы құрылды, кішкене шыдам керек, 1-2 айдың ішінде шешіледі. Алайда бұрынғы Абыралы ауданында ары кетсе 4000 адам тұрады. Өздеріңіз білетіндей, 4000 тұрғынмен аудан құрылмайды. Сондықтан осы Семейге қарасты кей ауылдарды қосып барып ашылуы мүмкін. Осындай жұмыстар атқарылып жатыр, кішкене күтейік", - дейді облыс әкімі.

Айта кетейік, бұрын бөлек әкімшілік аудан болған Мақаншы 1997 жылдан бері Үржар ауданының құрамындағы аумақ. Оған дейін аудан аумағы бірнеше рет бөлек аудан ретінде құрылып, қайта таратылған.

Абыралы ауданының аумағы да 1997 жылға дейін бұрынғы Семей облысының, кейіннен Шығыс Қазақстан облысының құрамында бөлек аудан болған. Сол жылы аудан жойылған, қазіргі таңда бұл аумақ Семей қаласының құрамында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023430-abai-oblysyndagy-maqansy-zane-abyraly-zeke-audan-bolyp-quryla-ma-oblys-akimi-zauap-berdi/