Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жаттығу кезінде балаларды ұрған": Есік қаласында жаттықтырушы жұмыстан кетіп, кешірім сұрады

Опубликовано:

Қара белбеу және балалар
Каратэ жаттығуы кезінде. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысында каратэ жаттықтырушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жаттығу кезінде оның балаларды ұрғаны түсіп қалған видео қазақстандықтардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, оқиға 26 мамырда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласындағы балабақшалардың бірінде болған.

Желіде балабақшадағы жағдайдың видеосы көпке тарап, қазақстандықтардың наразылығын тудырған.

Видеодан жаттықтырушының балаларға қол көтеріп, тепкенін байқауға болады.

Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген балабақшаның әдіскері Айнұр Түбекбаеваның айтуынша, ер адам Еңбекшіқазақ ауданында белгілі жаттықтырушы. Осы оқиғаға байланысты педагогикалық кеңес өтіп, оған қатаң сөгіс жарияланып, жұмыстан босатылған.

Сонымен қатар ер азаматты жақтаған адамдар да табылған.

"Сол ағайдың арқасында Астанаға барып 1-орын алдым. Ол кісі өте жақсы адам. Ол тыңдамаған балаларға ұрсады. Себебі тыңдамаса, олар дұрыс үйрене алмайды", - дейді спортшы Қарлығаш Юсупова.

Ата-аналардың бірі де сол жаттықтырушының арқасында баласының чемпион болғанын айтады.

"Спорт болғаннан кейін неше түрлі жағдай болады", – дейді ата-ана Ербосын Нүсіпұлы.

Телеарна дерегінше, аудандық білім бөлімі жаттықтырушының өз еркімен жұмыстан кеткенін хабарлаған. Сондай-ақ жаттықтырушы өз әрекеті үшін көпшілік алдында кешірім сұраған.

"Иә, аяғымды көтергенім рас. Бірақ қатты тигізген жоқпын. Ата-аналарды да түсінемін. Торғай да баласын қорғап шырылдайды. Ата-аналардан кешірім сұраймын", - дейді ол.

Дегенмен, ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұл баптың 2-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтiң немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу мекемесінің немесе кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге мекеменiң басқа да жұмыскерiнiң кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы:

  • белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыру,
  • 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту,
  • бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту,
  • қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алумен жазаланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023520-zattygu-kezinde-balalardy-urgan-esik-qalasynda-zattyqtyrusy-zumystan-ketip-kesirim-surady/