Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада Нұржамал Үсенбаеваның «Еліме тағзым» атты ән кеші өтті

Опубликовано:

Нұржамал Үсенбаева
Фото: Jusan Bank

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында Қазақстан және Татарстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның «Еліме тағзым» деп аталатын шығармашылық кеші болып өтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кеш Мемлекеттік филармония солисі, Қазақстан және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның мерейтойына орай ұйымдастырылған.

«Ол бұл кешті өзінің ұстазы Бекен Жылысбаевқа арнады. Бұл концертке ол мұқият, ұзақ уақыт дайындалды, ал кеш қонақтары ретінде танымал әртістер шақырылды. Олардың қатарында халықаралық байқаулардың лауреаты, көркем және мәдениет саласындағы «Еуропалық өнер одағының» жоғарғы дәрежедегі сыйлығының иегері, баритон Филипп Баньяк, Өзбекстанның, Башқұртстанның және Қарақалпақстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов, Татарстанның халық әртісі, Қазақстан мен РФ-ның еңбек сіңірген әртісі, танымал дирижер Ренат Салаватов және Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, халықаралық байқаулардың лауреаты, тенор Медет Чотабаев бар. Бұл титулы бар әртістер және біз дәл осындай тұлғалар филармония сахнасынан біздің көрермендерді қуантқанына өте ризамыз», - деді концерттің ұйымдастырушысы, астаналық филармонияның «Классикалық вокал» бөлімінің көркемдік жетекшісі Роза Шоткалиева.

Нұржамал Үсенбаеваның «Еліме тағзым» атты ән кеші өтті
Фото: Jusan Bank

Концертте дәстүрлі қазақ туындыларымен қатар шетел классикасы да ел назарына ұсынылды. Jusan Bank қолдауының арқасында концертке көбірек көрермен жинау мүмкін болды.

«Біз елордадағы Мемлекеттік филармониямен серіктес болғанымызға өте қуаныштымыз. Jusan Bank осылайша дарынды әртістерді қолдау арқылы ел мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосуда. Нұржамал Үсенбаева – Қазақстанның опера өнері тарихында әлемдік сахналық алаңдарда талай рет өнер көрсеткен жарқын тұлғалардың бірі. Классикалық музыканы бағалайтын қазақстандықтар үшін бұл үлкен қуаныш және әлемдік және қазақ классика шедеврлерін керемет орындауда тамашалаудың айрықша мүмкіндігі», - дейді Jusan Bank PR директоры Гаухар Керімова.

Медет Чотабаев
Фото: Jusan Bank

Концерттің арнайы қонағы – опера әншісі, «Астана операның» жетекші солисі Медет Чотабаев ән кеші жайлы ойын білдірді.

«Бүгін өте маңызды концерт, мұнда қазақ, итальян, испан тілдерінде керемет композициялар орындалды. Әнші үшін мерейтойлық концерт – қорытынды жасау және көрермендер алдында есеп беру іспеттес, сондай-ақ әртістің өзі үшін бұл - емтихан. Мұндай концерттер өткізу үшін керемет батылдық керек. Мен Нұржамал Үсенбаеваға үлкен таңданыспен қараймын. Ол өзіне келгенде әнші ретінде, әлемдік деңгейдегі музыкант ретінде өте талапшыл. Мен үшін онымен бір сахнада ән айту үлкен мәртебе, бұл зор кәсіби бақыт», - деп мәлімдеді ол.

Музыканттар
Фото: Jusan Bank

Концерт тамашалауға келген көрермендер де әртістерден кем әсер алған жоқ. Кей тыңдарман классикалық опера туындыларын тыңдап, құлағының құрышын қандыруға сүйіктілерімен келсе, кейбірі балаларын, тіптен немерелерін ерте келген. Олардың қатарында Құндызай Төленова да бар.

«Мен қызыммен және немерелеріммен келдім. Олар өнерге, отанына деген махаббатты кішкентайынан бойына сіңіріп өссе деймін. Сахнада тек қазақ туындылары ғана емес, әлем мәдениетінің шедеврлері де орындалып жатыр. Олар осындай деңгейдегі музыканы білсін, түсінсін деген ниетпен келдік», - деп бөлісті ол.

Астана тұрғыны Аязбек Жалмұхамбетов те дәл осындай ойда.

«Мен жұбайыммен бірге танымал әншілерді тыңдауға келдім, біз олардың шығармашылығын сүйіп тыңдаймыз. Сондықтан алдын ала билет алып, арнайы келіп отырмыз. Залда балалар өте көп екен, жастар да аз емес. Классикалық музыканы тыңдау үшін уақыт таба білу керек. Себебі музыка миымызды тынықтырып, тіпті жанымыздың жарасын жазуға қауқарлы», - деп ойын айтты тыңдарман.

Музыканттар
Фото: Jusan Bank

Концерт біте сала, қалың көрермен Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаевамен суретке түсіп, қошемет көрсету үшін сахнаға ұмтылды. Әншінің концерттен алған әсерін біліп, концерт туралы ой-пікірін сұрау мақсатында артынша біз де киелі сахнаға көтерілген едік. Халықтың әншіге деген ықыласы ыстық болғаны сонша, бізге ұзақ күтуге тура келді. Ал әнші болса, көрермендеріне құрметін көрсетіп, әрқайсысымен естелікке суретке түсіп, жылы лебізін білдірді.

«Көп жағдайда біз секілді өнер адамдарының өз-өзіне көңілі толмай жатады. Әлбетте, әнші де адам. Оның да жақсы-жаман қасиеттері баршылық. Әр уақытта «бәлкім, бұдан жақсырақ жасауға болатын ба еді?»» деп, өзімізге сыни көзбен қарап, қамшылап алудан жалықпаймыз. Қазір концерт біткенімен, мен әлі де шаршаған жоқпын. Егер мені сахнаға тағы шақырса, мен тағы шығар едім. Осында келіп, мерейімді асқақтатқан жақын жандарға алғысым зор. Өнерге құрмет көрсетіп, оның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген, жеке осы концертке қолдау білдірген Jusan Bank-ке көп рахмет айтқым келіп отыр. «Астана балетке» барғанымда да Jusan қолдағанын білдім. Бұл — бізге, өнер адамдарына жасалған үлкен қамқорлық әрі құрмет. Мәдениет, өнер саласындағы жобаларды қолдағаны үшін алғысым шексіз», - деді Нұржамал Үсенбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023601-astanada-nurzamal-usenbaevanyn-elime-tagzym-atty-an-kesi-otti/