"Күйеуі құрсақтағы баладан қызғанған": Репродуктолог ЭКҰ әдісімен ана атанғысы келген әйелдің оқиғасын бөлісті
Жарияланған күні:
Репродуктолог Салтанат Байқошқарова жасанды ұрықтандыру әдісінде донор аталық ұрықты пайдалануға неліктен қарсы екенін түсіндірді. Дәрігер Youtube-тағы Сұрауы бар арнасына берген сұхбатында өз тәжірибесінде болған оқиғаны бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айтуынша, өз тәжірибесінде бір отбасы донорлық ұрықпен бала сүйіп, арты трагедияға айнала жаздаған.
"90 жылдардың басында, тіпті ол кезде ешқандай аппарат жоқ, тіпті УЗД аппараты да жоқ, ер адам жыларман болып келді. "Әйелімді сүйемін, мен үшін өмірін арнады, донорлық ұрықпен бөтен ер адамнан бала жасап беріңіздерші деді. Ол кезде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бар, рұқсаты бар, жасадық. Бірінші ретінде жүктілік болмады. Екінші рет ЭКҰ жасаған соң әйел келмей кетті. Ол кезде телефон жоқ, ұялы байланыс жоқ. Нәтижесі не болды екен деп ойладым.
Бірнеше ай өткенде әлгі әйел келіп тұр, іші үлкен. Мен бала көтергеніне қуандым. Бірақ әйел мені көріп жылады. Сөйтсем күйеуі әйелі жүкті болғаннан кейін ішімдікке салынып кеткен. Депрессия болған, ұрып-соққан. "Бала өзімдікі емес" деп іштегі баладан қызғанған. Содан іште бала өлген. Егіз, екеуі де ұл екен. Міне қуаныштың орнына қандай қайғы, трагедия болған.
Перзентханадан шыққаннан кейін әйел келіп: "Сіздер қолыңыздан келгенін жасадыңыздар, бірақ жағдай осындай болды, енді мен күйеуімді қимаймын, оның намысына тигім келмейді. Баласыз өтсек те көндік", - деді. Қаншама зардап шексе де, әйел кешірімді болып тұр ғой. Соны көргеннен кейін бұл әдістен мен жиіркене бастадым", - дейді Салтанат Байқошқарова.
Дәрігердің сөзінше, Түркияда аталық ұрықты ер адамның туған бауырынан ғана алуға рұқсат бар.
"Ол да бір жағынан дұрыс шығар деп ойладым. Бір әке-шешеден шыққан ұрық қой. Бірақ ол да психологиялық тұрғыдан ауыр. Мысалы, донорға өз ұрығын жеңгесіне беру ауыр тиюі мүмкін. Дегенмен ұрық болмаған жағдайда сондай әдіске жүгіндік", - дейді Салтанат Байқошқарова.
Оның сөзінше, Жапонияда донорлық ұрық мүлде пайдаланылмайды. Ер адамға да, әйел адамға да тыйым салынған. Ал Германияда донор ұрығы арқылы дүниеге келген бала 16 жасында ата-анасының кім екенін білуі қажет.
"Бізде донорлық ұрық арқылы ЭКҰ анонимді түрде жасалады. Ал аталық ұрық күйеуінің бауырынан алынған болса, ол өз отбасылық мәселесі. Оны көбінесе ата-аналары қолдайды. Тіпті жалғыз баласында ұрық жоқ жағдайда "әкесінен ұрық алып жасап берші" дейтіндер бар. Ондайды біз жасамаймыз, өйткені донорлық ұрықты беруші ер адамның жасы 35 жастан аспауы керек. Сондықтан заңға қайшы. Бұл үлкен мәселе. Бірақ жалпы елімізде ерлі-зайыпты жұп көбінесе өз ұрығы арқылы ЭКҰ жасатады", - дейді репродуктолог.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023619-kuieui-qursaqtagy-baladan-qyzgangan-reproduktolog-eku-adisimen-ana-atangysy-kelgen-aieldin-oqigasyn-bolisti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.