Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев пара алды деген күдікпен ұсталды
Жарияланған күні:
Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Біз оның аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталғанын растаймыз", – делінген хабарламада.
Агенттік тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпара жария етілмейтінін атап өтті.
Премьер-министрдің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Нұржан Әлтаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
2004 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2012 жылы – Академиялық инновациялық университетті тәмамдаған. Мамандығы – заңгер, экономист.
Еңбек жолын 2002 жылы бастаған.
2005 – 2012 жылдары мемлекеттік органдарда әр түрлі қызметтер атқарған, ұлттық компанияларда жұмыс істеген.
2012 – 2014 жылдары "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын", Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасын басқарған.
2014 жылдың наурызынан бастап 2017 жылдың қарашасына дейін "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары болған.
Одан кейінгі жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар 2019 жылдың 12 ақпаны мен 2020 жылдың 30 қарашасы аралығында парламент мәжілісінің депутаты болған.
Сондай-ақ Нұржан Әлтаев былтыр өткен президент сайлауына қатысу үшін құжаттарын тапсырған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023803-nurzan-altaev-para-aldy-degen-kudikpen-ustaldy/