Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сиыр сойғаннан жұқты": Жамбыл облысында бір ауыл сібір жарасына байланысты карантинге жабылды (видео)

Жарияланған күні:

Тамды ауылы
Тамды ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ұлдана Жұбай

Жамбыл облысында сібір жарасы анықталған Талас ауданындағы Тамды ауылы 15 күндік карантинге жабылды. Ауылға төрт-түлікті кіргізіп, шығаруға, ет пен сүт өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Сібір жарасы анықталған ауылдағы үш үйдің 35 адамы тексерілген. Бүгінде вирус жұқтырған 50, 55 және 59 жастағы азамат аудандық ауруханада жатыр. Олар ауруды сиыр сою кезінде жұқтырған. Дәрігерлер науқастардың 14 маусымға дейін ауруханада ем қабылдайтынын айтады.

"Қазіргі таңда бір науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Үш науқас ем шараларын жалғастыруда. Науқастар малды ветеринарлық рұқсатсыз сойғаны анықталды. Тағы бір жағдайда инфекция көзі әлі де анықталуда. Осы жағдайға байланысты ішкі істер органдары тексеру жұмыстарын жалғастыруда", - деді Жамбыл облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова.

Ал сойылған сиыр етін арнайы өлексе өртейтін темір пеште жойған. Мал сойған аула толық залалсыздандырылған. Ауру ошағы анықталған үйлерден барлығы 21 сынама алынған.

"Тамды ауылының тұрғындары бұқа сүзіп, жарақат алған сиырды сойып алған. Соның етінен жұғып отыр. Бұл бір ғана ауылдың төңірегінде болып отырған оқиға. Даурығатындай ештеңе жоқ. Біздің өңірде 100 жылдан бері сақталып келе жатқан 189 сібір жарасының ошағы бар. Олардың бәрі тұрақты, күнделікті қадағалануда. Жылына 2 рет сынамалар алынып, зертханаға өткізіледі", - дейді Жамбыл облыстық облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.

Ауылға төрт-түлікті кіргізіп, шығаруға қатаң тиым салынған. Айта кетейік, бүгінде Тамды ауылдық округінде 1 806 бас мүйізді ірі қара, 29 053 бас уақ мал, 887 бас жылқы тіркелген.

Авторы: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024125-siyr-soigannan-zuqty-zambyl-oblysynda-bir-auyl-sibir-zarasyna-bailanysty-karantinge-zabyldy-video/