"13 аққудың өлексесін шығардық": Ақтөбедегі өндірістік полигонда Қызыл кітапқа енген құстар қырылып жатыр
Жарияланған күні:
Ақтөбелік экологтар Мұғалжар ауданындағы мұнай қалдықтары төгілген полигоннан жүздеген құс өлексесін алып шықты. Арасында Қызыл кітапқа енген аққулар бар. Ал полигон қазіргі уақытта қараусыз жатыр. Бұл туралы облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ербол Қуановтың сөзінше, Құмжарғандағы мұнай қалдықтары төгілген полигон мәселесінің туындағанына 10 шақты жыл болған.
"Кезінде мұнай компанияларынан қаражат алып, бұрғылаудан шыққан қалдықтарды өңдеу үшін полигон салынған. Бірақ қалдықтарды үйіп, кейін сот шешімімен компания банкрот деп танылған. Полигон солай қараусыз қалды. Ол адамдар алысқа кеткен жоқ. Осы қалада, облыста жүрген азаматтар. Қазір ол жерде құс өліп жатыр. Бұл сұрақты облыс әкімінің алдында көтердік. Осыған дейін бұл мәселені ешкім ашық айтып көтермеген. Өлген құс өте көп. 157 үйрек, 13 аққудың өлексесін шығардық. Оның 9-ы - еліміздің Қызыл кітабына енген сұңқылдақ аққу. Бұл шығаруға келгендері ғана. Қалғандарының өлексесі бұзылып кеткен. Шығарылған құстардың бәрін орман шаруашылығы жөніндегі инспекция анықтап отыр. Құстарға келген зиян 40 млн 600 теңгені құрайды", - дейді Ербол Қуанов.
Департамент басшысының айтуынша, Ақтөбе облысында өндірістік қалдықтарды қабылдайтын 20 полигон бар. Оларға бұрғылау жұмыстары кезінде шығарылған мұнай араласқан түрлі химиялық заттар төгілген. Қазіргі уақытта ол полигондардың 13-і ғана жұмыс істеп тұр. Жетеуі иесіз.
Өңірдің бас экологы иесіз жатқан өндірістік полигондарға алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, "Көкжиде" тұщы су қоры аумағынан 8 шақырым жердегі мұнай қалдықтары төгілген полигон да қараусыз қалған.
"Көкжиде құмдарынан 8 шақырым жерде өндірістік қалдықтар төгілген полигон бар. Облыс әкімі олардың иелері кім екенін анықтауға тапсырма берді. Ол қалдықтарды кім тастап кеткені анықталады. Ол ондаған жылдан бері жатыр. Жатқан жерін, топырақты бүлдіріп жатыр. Жер асты суына да зиян келіп жатқан болар. Бірақ оны зерттеп, анықтау керек", - дейді экология департаментінің басшысы.
Құмжарғандағы аумағы 12 га болатын полигон 2020 жылдан бері "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының балансына берілгені белгілі болды. Акционерлік қоғамның баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жер учаскесі корпорацияға заңсыз меншіктелген.
"Корпорация бірнеше рет Ақтөбе облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына, Ақтөбе облысының әкімдігіне жер учаскесін жалға алу құқығын тоқтату және жер учаскесін пайдалану үшін қажеттіліктің және құқықтық негіздердің болмауына байланысты Мұғалжар ауданының жер қорына жер учаскесін қайтару туралы қаулы шығару туралы өтінішпен жүгінген",- делінген корпорацияның баспасөз хабарламасында.
"Ақтөбе" ӘКК өкілдері полигон орналасқар жер учаскесін Мұғалжар ауданының жер қорына беру туралы прокуротураға хат жолдап, сотқа жүгінуді жоспарлап отырғанын жеткізді
Ал Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар басқармасының өкілдері жерді игеру үшін инвестор қарастырылып жатқанын хабарлады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024203-13-aqqudyn-oleksesin-sygardyq-aqtobedegi-ondiristik-poligonda-qyzyl-kitapqa-engen-qustar-qyrylyp-zatyr/