Абай облысында өрт салдарынан тағы бірнеше ауыл тұрғындары Семейге көшірілуде
Жарияланған күні:
Абай облысындағы орман өрті қатты жел салдарынан қайта күшейді. Өрт қаупі төнген Талица, Каштак, Половинки ауылдарының тұрғындары Семейге эвакуацияланды. Ендігі кезекте Озерка, Бұлақ ауылдарының тұрғындары көшірілуі мүмкін. Бұл туралы оқиға орнынан KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлады.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өртеніп жатқан аумақтан келушілерге қалада 9 қонақ үй және оқу орындарының жатақханалары әзірленген. Қазір 80-ге жуық адам колледж ғимаратына қоныстанды.
"Жалпы Семейдегі эвакопункттер 800-ден астам адамды қабылдай алады. Тұрғындар тастап кеткен үйлердің жанында полиция қызметкерлері тонау фактілерін болдырмау үшін кезекшілік етуде. 43 тәртіп сақшысы күндіз-түні қараусыз қалған кенттерде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді", - делінген облыстық әкімдік хабарламасында.
Ендігі кезекте Озерка, Бұлақ ауылдарының тұрғындары эвакуацияланбақ.
Өрт ошағынан эвакуацияланған тұрғындар мал-дүниесі оттың ортасында қалғанын айтуда.
Сондай-ақ эвакуациялық пунктте кезекшілік етіп жүрген облыстық білім басқармасы өкілдерінің портал тілшісіне айтуынша, бүгін жүрегі қысылған бір адамға медициналық көмек көрсетілген.
Бұған дейін Жедел штаб басшысы Димитрий Гариков өрттің Каштак орман шаруашылығы бағытына бет алғанын, жедел әрекет ету үшін техникалар сол бағытқа жинақталғанын мәлім еткен еді.
Сондай-ақ ол өрт сөндіру жұмыстары негізінен түнде жүргізілетінін айтқан.
"Қазір желдің күшеюіне байланысты жағдай қиындап барады. Өрт Каштак орман шаруашылығы, Таврия елді мекені бағытына қарай бет алды. Онда техниканың 65 пайызы жинақталған. Успен орман шаруашылығында мезгіл-мезгіл шағын атыс нүктелері пайда болады. Жұмыстың басым бөлігі түнде жасалады. Сондай-ақ, Жерновка ауылы күрделі жағдайда – өйткені, жер бедерінің кесірінен техника ол жаққа өте алмай жатыр, – дейді Дмитрий Гариков.
Жедел штаб басшысының сөзінше, өрт салдарынан әсіресе Батпаев және Успен орман шаруашылықтарына қатты зақым келген.
Автор: Елжан Нұрболат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024298-abai-oblysynda-ort-saldarynan-tagy-birnese-auyl-turgyndary-semeige-kosirilude/