Жалпыұлттық аза тұту күні: Қазақстандағы ең үлкен ту төмен түсірілді
Жарияланған күні:
Бүгін, 12 маусымда ел тұрғындары Абай облысындағы орман өртінен қаза болған марқұмдарды аза тұтуда. Бұл ретте, еліміздегі барлық ту соның ішінде Қазақстандағы ең үлкен ту төмен түсірілді.
"12 маусым – Жалпыұлттық аза тұту күнінде елордадағы басты ту төмен түсірілді", - делінген Астана әкімдігінің Telegram-дағы ресми арнасындағы хабарламада.
Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, 12 маусым күні сағат 00:00-ге дейін еліміздегі барлық ту жартылай яғни, 50 метрге дейін төмен түсірілді.
Еске сала кетсек, Абай облысындағы орман өрті салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстанда 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Айта кетейік, бірнеше күннен бері Абай облысында орман өрті өршіп тұр. Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты.
11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін, зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті.
Бұдан бөлек Бас прокуртура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024319-zalpyulttyq-aza-tutu-kuni-qazaqstandagy-en-ulken-tu-tomen-tusirildi/