Абай облысындағы ірі өрттің ғарыштан түсірілген суреті көрсетілді (фото)
Жарияланған күні:
Читать на русском"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы Абай облысындағы ірі орман өртінің ғарыштан түсірілген суреттерін жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ұлттық компанияның Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кадрларда өрттің бүкіл орманға қаншалықты жылдам тарағаны көрсетілген.
Ұлттық компанияның хабарлауынша, ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, алғашқы өрт 8 маусымда Астана уақытымен сағат 11:23-те "Семей орманы" МОТР Батпаев орманшылығының 67 орамындағы 1-бөлігінде тіркелген.
"Ғарыштық түсірілімде Абай облысы Бородулиха ауданы Барышевка, Успенка және Поднебесное ауылдарына өрттің тарлғаны байқалды. Жерді қашықтықтан зондтау деректері бойынша 9 маусым күні сағат 12.00-де өрттің ауданы 30 мың гектардан асты", - делінген ұлттық компания хабарламасында.
"Қазақстан Ғарыш Сапары" дерегінше, орман және дала өртінің ғарыштық мониторингі 2 кезеңнен тұрады: ошақты жедел анықтау және өрттің таралуы күніне 8 ретке дейін және ғарыштық түсірілім негізінде өртенген учаскенің нақты ауданын анықтау.
Абай облысындағы орман өрті
Еске салайық, 8 маусымнан бері Қазақстанның шығысындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында орман өрті өршіп тұр. Соңғы мәліметтер бойынша, өрт 60 мың гектардан астам орманды шарпыған.
Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты. Өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты бүгін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін, зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, Бас прокуртура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024400-abai-oblysyndagy-iri-orttin-garystan-tusirilgen-sureti-korsetildi-foto/