Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысындағы өрттен жергілікті тұрғындарға қандай қауіп бар: ТЖ министрі жауап берді

Жарияланған күні:

Өрт сөндірушілер.
Өрт сөндірушілер. Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

12 маусым күні төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов орман өртіне байланысты аэровизуалды тексеру жасап, қазіргі уақытта жергілікті тұрғындарды қорғау бойынша барлық қажетті шара қабылданғанына сендірді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жедел штабтың кеңесін өткізді. Кеңесте орман өртін сөндіру бойынша негізгі міндеттер тұжырымдалып, өңірдегі орман өртін тұрақтандыру үшін қосымша шаралар әзірленген.

"Өртті сөндіру және залалды азайту, ең бастысы – халықты қорғау бойынша барлық қажетті шара қабылданды. Оқиға орнында тәулік бойы кезекші мамандар, жедел штаб жұмыс істейді", - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ол барлық қажетті күш пен құралдар тиісті міндеттерді орындауды жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

Орман өртін сөндіруге Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарының, оған қоса Астана және Алматы қалаларының ТЖД күштері мен құралдары және ТЖМ бөлімдерінің әскери қызметшілері қатысуда.

Кеңестен кейін министр ормандағы өрттің деңгейін анықтау мақсатында аэровизуалды зерттеу жүргізді. Әуедегі зерттеу қорытындысы бойынша өрт ошақтарына күштер мен құралдарды қайта топтастыру үдерісі жүргізілген. Сонымен қатар өрт лаулап жатқан аймақтарға су төгетін құрылғылары бар тікұшақтарды ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Бұған дейін орман өртін сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігі 1500-ге жуық адам және 300-ден астам техника жұмылдырылғаны туралы хабарлаған болатын. Өрт басталғаннан бері 14 тікұшақтың көмегімен жалпы көлемі 3039 тоннадан асатын 1017 су шашу жұмысы жүзеге асырылды.

Министрліктің ақпаратынша, өртті сөндіру күрделі рельефті жерлер мен 17 м/с қатты екпінді желдің салдарынан қиынға соғуда.

"Өртті тоқтату және оқшаулау аса күрделі және көп еңбекті қажет етеді. Жер бедерінің жағдайлары мен отпен күрестегі кедергілер ескерілуі керек", - деді Шәріпханов.

Қазіргі уақытта Абай облысында өртті сөндіру оңтүстік, батыс және шығыс жиектері бағытында жалғасуда. Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасалып жатыр.

Министр қалыптасқан жағдайларға қарамастан, бірлескен күш-жігер табиғи апатты тез арада жоюға мүмкіндік жасайтынына сендірді.

Еске салсақ, 8 маусымнан бастап бірнеше күннен бері Абай облысында орман өрті өршіп тұр. Төтенше жағдай салдарынан 14 "Семей орманы" резерватының қызметкері қаза тапқан. Осыған байланысты бүгін елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024458-abai-oblysyndagy-ortten-zergilikti-turgyndarga-qauip-tonip-tur-ma-tz-ministri-zauap-berdi/