Абай облысындағы өртті ауыздықтауға болатын бастапқы сәтті неге жіберіп алған: Роман Скляр жауап берді
Жарияланған күні:
Абай облысында 14 адамның өмірін қиған орман өртін ауыздықтауға болатын бастапқы сәтті неге жіберіп алған? Бұл сұраққа бүгін үкімет кулуарларында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бұл жерде жағдайды бағаламағаны анық. Өрт өте тез таралғандықтан осындай жағдай орын алды. Ауа райы да кедергі болды, ауа температурасы +38 градус, ал екпінді жел секундына 25 метрге дейін соқты. Өрт өте тез тарады.
"Қазғарыш" штаттық режимде жұмыс істеді. Бұл жағдай ТЖМ ахуалдық орталығында көрсетілген, өрт басталғаны туралы орман шаруашылығына да белгілі болған кезде штабты сол жерде өткіздік.
Бірақ қайталап айтам, өкінішке қарай, жағдай жете бағаланбады, өрттің таралуы мүмкін ауқымын да жете бағалай алмадық. Бұл анық.
Адам өліміне келетін болсақ, бұл – сұмдық. Қазір прокуратура тергеу жүргізіп жатыр, бізге толық жауап береді. Бұл жағдай біздің өртті ауыздықтауға болатын бастапқы сәтті жіберіп алғанымызды көрсетеді", - дейді Роман Скляр.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері премьер-министрдің орынбасарынан "Өрттің бастала сала ауыздықталмауына өзге шенеуніктер секілді жауапты екеніңізді сезінесіз бе?" деп сұраған.
"Әрине, мен өзім бақылайтын барлық сала үшін жауаптымын", - деп жауап берді ол.
Айта кетейік, 8 маусымнан бері өрт сөндірушілер Абай облысындағы орман өртімен арпалысуда. Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты.
11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады.
Сонымен қатар президент жедел штабтың отырысын өткізіп, онда облыс әкіміне сөгіс жариялап, Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрдің есебін тоқтатып, мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алды.
Сондай-ақ Бас прокуратураға уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырды.
Соңғы мәліметтер бойынша өрт 60 мың гектар аумақты шарпыған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024565-14-adam-qaza-tapty-sklyar-abai-oblysyndagy-orttin-bastalgan-satin-nege-ziberip-alganyna-zauap-berdi/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.