Мемлекет басшысы Димаш Құдайбергеннің атасының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев танымал әнші, өнер қайраткері Димаш Құдайбергеннің атасы – Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты Айтбаевтар әулетіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook парақшасында хабарлады.
"Әулеттеріңіздің ардақтысы, елге танымал, халық сыйлаған абыройлы ақсақал Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын.
Құдайберген Айтбайұлы ауыл шаруашылығы саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еңбек ардагері атанды. Адамгершілік асыл қасиеттерімен өз ортасына сыйлы, ағайын-туысқа қадірлі жан болды. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, дарынды ұл-қыздарды тәрбиелей білді.
Айнала төңірегіне мейірім шуағын шаша білген Құдайберген Айтбайұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында сақталады.
Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған көңіл айту жеделхатында.
Айта кетейік, бұған дейін ақын әрі журналист Бауыржан Бабажанұлы әнші Димаш Құдайбергеннің атасы өмірден өткенін хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024622-memleket-bassysy-dimas-qudaibergennin-atasynyn-dunieden-otuine-bailanysty-konil-aitty/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.