Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрбан айт – 2024: мейрамның мәні мен маңызы және құрбан шалудың үкімі қандай

Опубликовано:

Ер адамдар қойды бауыздауға дайындалып тұр
Қой. Фото: islam.ru

Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін ұлық мейрамның басталуына санаулы күн қалды. Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылатын бұл мейрамда миллиондаған отбасы құрбандық шалып, мол сауап жинауға асығады. Осыған орай діни еңбектер негізінде Құрбан айт мерекесінің ислам дініндегі маңызына тоқталып, құрбандыққа шалынатын малға қатысты бірнеше сұраққа жауап ұсынуды жөн көрдік.

Құрбан айт мейрамының тарихы қандай?

"Құрбан" сөзі араб тілінен аударғанда "жақындық", "жақын болу" деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы Алла тағаланың ризашылығына бөлену ниетінде Құрбан айт күндерінде мал шалумен байланысты.

Ислам дінінің басты мерекесі саналатын Құрбан айттың шежіресі ерте заманнан бастау алады. muftyat.kz сайтында жарияланған "Құрбан айт – ұлық мереке" деп аталатын мақалада мейрамның тарихы жөнінде мынадай мәлімет берілген:

Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сынақ ретінде өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, әмірді орындамақшы болады. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына Алла Тағала риза болып, Өз құзырынан құрбандық орнына қошқар түсіреді. Құрбан айт мерекесінің негізінде Алла Тағалаға деген құлшылық пен жақындық, сондай-ақ, баланың ата-анаға деген құрметі мен жақсылығы жатыр.

Құрбан айт туралы Құран Кәрімнің "Кәусәр" сүресінде мынадай аят бар:

"Намаз оқы және құрбан шал".

Хадис шәрифте Құрбан айтқа қатысты былай делінген:

"Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар".

Қазақтардың алғаш Құрбан айтты тойлауы туралы ақпараттар ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларында кездеседі. Тарихи құжаттарға жүгінетін болсақ, қазақ жерінде 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген.

Құран кітабы
Құран кітабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құрбан айттың ислам дініндегі маңызы қандай?

"Ислам ғылымхалы" кітабында Құрбан айттың маңызы жайлы Құран мен хадистер бойынша құнды мәліметтер берілген:

Алла тағаланың әмірлерін орындау әрдайым ризашылығына жақындатып, ақыретте сый-сыяпатына кенелтеді. Құрбан шалу да Алла тағаланың арнайы әмірі болғандықтан бұл әмірді ықыласпен орындаушы Раббысының ризашылығына қауышып, ана дүниеде жүзі жарқын болып, мол сауабына кенелері сөзсіз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа хадистерінде Алла ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылына сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: "Сахабалар Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? - деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, - деді.

– Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады" - деді. (Ибну Мажә, Сәуәбул-адахи, 3118).

Шындығында, Алла тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп орындауымыздағы ықыласымыз бен ниетіміздің Алла тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз.

Бұл шындықты Құран кәрім былай деп баяндайды:

"Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді".

Адам баласы Құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Құрбандық шалудың мұсылман үшін беретін пайдасы ұшан-теңіз:

  • Материалдық дүниенің қыспағында рухани ашыққан адам баласы құрбандыққа мал шалған сәтте көкірек көзі ашылып, ішкі дүниесі байып қалады.
  • Адам баласының жаратылысында сараңдық, өзімшілдік сынды сипаттар бар. Құрбан айтта осындай жағымсыз мінез-құлықтың орны жақсы қасиеттермен толығады. Себебі құрбандық шалған адам сараңдық деген жаман мінезден арылады.
  • Құрбан айтта тұрмысы төмен, жағдайы нашар адамдардың жүзіне күлкі үйіріліп, шаттанады.
Қойлар
Қойлар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі қандай?

Ханафи мәзһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Ілкіде атап өткен "Намаз оқы және құрбан шал" деген аят құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді.

"Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті" деген хадис те бұл амалдың уәжіп екенін көрсетеді.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлының "Ислам ғылымхалы" кітабында құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін мынадай шарттар маңызды екені жазылған:

  1. Мұсылман болу.
  2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау
  3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.

Құрбан шалудың арнайы уақыты бар ма?

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А’зибтің риуаяты бойынша:

"Аллаһтың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес".

Басқа бір хадисте: "Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын", - деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Мешіттегі жамағат намаз
Намаз. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Құрбандыққа қандай мал шалу керек?

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.

Құрбандыққа қандай мал сойылмайды?

Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

"Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды". Тирмизи, Адахи, 5.

Ханафи мәзһабының ғалымдары осы хадисте келтірілген малдың кемшіліктеріне мынадай түсініктеме қосқан:

  • Бір көзі соқыр.
  • Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз.
  • Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
  • Тістерінің көбі түсіп қалған.
  • Емшектерінің басы жұлынып қалған.
  • Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Бірнеше адам бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Құрбан малы қалай шалынады?

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал қинамай сою – сүннет.

Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: "Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын".

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:

"Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ". "Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ".

Құрбандыққа шалынған малдың етін кімдерге тарату керек?

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап болып саналады. Бір бөлігі туған-туыс пен көрші-қолаңға тартылады. Ол адамдар бай болса да, құрбан малының еті таратыла береді. Ал екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өз отбасына, бала-шағасына беріледі. Осы тұрғыда "Ислам ғылымхалы" кітабында шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алатыны жазылған. Бұған Құран Кәрімдегі "Хаж" сүресінің 28-аятын дәлел ретінде келтіруге болады:

"Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер!"

Айттық беру дәстүрі деген не?

Қазақтың әдет-ғұрпында айттық беру дәстүрі бар. Мұсылман қауымы үшін қадірлі саналатын айт күндері үлкендер кішілерге айттық ұсынады. Бұл жөнінде Зейнеп Ахметованың "Күретамыр" кітабында тарқатылып жазылған:

"Айтта балалардың жақындарынан айттық сұрауы еш мін емес, қайта жөн болады. Әсілінде, үлкендер айттықты сұратпай өздері береді. Балаларды қуантып мерекенің мерейін асырады. Осылайша адамдардың бір-біріне деген ізет-құрметі, ілтипаты еселене түседі".

Жасы кішінің де айттық беретін тұсы бар. Мысалы, қыздар әкелеріне, ағаларына тақия тігіп, беторамал кестелеген. Сыйлық шағын болса да, елеп-ескерілген. Жас жұбайлар да өз арасында айттық беріскен. Ұнатқан қызына көңілін білдіре алмай жүрген жас жігіттің де батылданатын ұрымтал тұсы осы Айт күндері болған деседі.

Жыл өткен сайын Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиетін тереңінен сезініп, құрбандық шалатын жандардың қатары көбейіп келеді әрі бұл күн халық арасындағы ауызбіршілікті нығайтып, қайырымдылыққа үндейді. Мұсылман қауымы ерекше ұлықтайтын бұл мерекенің мәні мен маңызы сонда жатса керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024941-qurban-ait-2023-meiramnyn-mani-men-manyzy-zane-qurban-saludyn-ukimi-qandai/