Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жіп арқылы тілдесеміз": 50-ден аса адамды құтқарған ақтөбелік сүңгуір су астында қалай жұмыс істейтінін айтты

Жарияланған күні:

сүңгуір
Құтқарушы-сүңгуір. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы Қазақстанда суға кеткен адам саны бойынша көш бастады - биыл өңірде суға түсу маусымы басталғалы сегіз адам суға кеткен. Оның төртеуі - бала. KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақтөбе облыстық ТЖД қызметкерлері жүргізген рейдке қатысып, өзен-көлдер бойындағы тыйым салынған орындарға барды.

Төтенше жағдайлар департаментінің 200-ден аса қызметкері мұндай орындарды күнделікті аралайды. Оның ішінде 32 сүңгуір-құтқарушы бар. Оларға 100-ден аса полиция қызметкері, сегіз атты патруль қосылып, күн сайын жағалауларда профилактикалық рейд жүргізеді.

рейд
Рейд. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Ақтөбе облысы суға түсу маусымында адамдардың суға кетуі бойынша республикада бірінші орында тұр. Соған байланысты іс-шара күнделікті өтеді. Бүгінгі күнге дейін сегіз адам суға батып кетті. Оның төртеуі - бала. Күннің тез ысуынан халық жағажайларға көптеп баруда. Қызметкерлер тыйым салынған жерлерге бармауды ескертеді. Бірақ құлақ аспайтындар көп. Күніне полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеміз", - дейді Ақтөбе облыстық ТЖД басшысының орынбасары Саид Молдақараев.

жағалау
Жағалаудағы рейд. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Құтқарушылар аймақтағы тыйым салынған 44 орынды тағы бір аралап шықты. Өкінішке қарай, суға түсуге тыйым салынған орындарда отбасымен жүргендер көп. Кейбір жерде ескерту жазылған арнайы белгілерді демалушылар сындырып кеткен. Мамандардың айтуынша, бұл - айыппұлдан құтылудың оңай жолы.

тыйым салу белгісі
Суға түсуге тыйым салу туралы белгі. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбелік сүңгуірлер "суда сақ бол" деген ескертуге құлақ аспайтындардың оқиғасы қайғылы аяқталып жататынын айтады.

суға түскен балалар
Суда жүрген балалар. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Әрдайым ескертеміз. Бірақ адамдар тыңдамайды. Өкпесіне су кірген адам аз ғана уақыт ішінде өліп кетеді. Батып кеткен денені шығару моральдық тұрғыда ауыр. Ол біреудің баласы, туысқаны. Ауыр жағдай. Әр кез суға түскен сайын бірінші рет секілді дайындаласың. 60 метрлік жіптің екінші ұшын кәсіби маман ұстап тұрады. Екеуміз бір-бірімізге сенеміз. Жіп арқылы тілдесеміз. Жіпті сілкіп, тарту арқылы "жүр", "оңға", "солға", "шық" деген белгілер береді. 15 метр тереңдікке дейін түстім. Суға кетіп бара жатқан адамды құтқару да оңай емес. Ол сені тыңдамайды. Оның алдынан келмеу керек. Ол сені ұстап алған жағдайда итеріп жіберіп, бір сүңгіп артынан келіп шашынан, қолынан тартасың", - дейді Ақтөбедегі жедел-құтқару жасағының сүңгуірі Дәуірбек Петров.

сүңгуір
Дәуірбек Петров. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Дәуірбек 2019 жылдан бері сүңгуір боп жұмыс істеп жүр. 29 жастағы құтқарушы осы уақыт ішінде 50-ден аса адам өмірін құтқарған. Айтуынша, биылдың өзінде суға кетіп бара жатқан сегіз адамның өмірін сақтап қалуға көмектескен.

Автор: Ардақ Ерубаева

құтқарушылар
Рейд. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024958-zip-arqyly-tildesemiz-50-den-asa-adamdy-qutqargan-aqtobelik-sunguir-su-astynda-qalai-zumys-isteitinin-aitty/