Шымкентте балаларға қол көтерді деген күдікке ілінген мешіт қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Шымкентте діни сауат ашып жүрген екі балаға қол көтерді деген күдікке ілінген дін қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желідегі видеода мешіттен үйге келіп, діни сабақ үйретіп жүрген ұстаздан хадис жаттамағаны үшін жәбір көрген балалар туралы айтылады.
Оқиға бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті қылмыстық істі тіркеп, тергеу жұмыстарын бастағанын мәлім етті.
Қазір оқиғаның мән жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
"Аталған жайт Тұран аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 140-бабы "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталуда" , - деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі.
Шымкент қаласының Дін істері басқармасының басшысы Әлжан Тұяқбаев та бұл оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді. Айтуынша, діни сауат ашу үшін ғана емес, жалпы балаларды ұрып соғуға болмайды.
"Медреселерде тіптен бұған жол берілмеуі керек", - дейді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚМДБ баспасөз қызметі бұл жағдайға пікір білдіріп, оқиғаның медреседе болмағанын жеткізді. Ал дін қызметкерінің этикасын қатаң бұзғаны үшін мешіт ұстазы жұмыстан шығарылған.
Автор: Жанар Пердешқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025069-symkentte-balalarga-qol-koterdi-degen-kudikke-ilingen-mesit-qyzmetkerine-qatysty-qylmystyq-is-qozgaldy/