Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутаттар Қазақстанда 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасын жалғастыруды талап етті

Жарияланған күні:

Читать на русском
Автокөлік
Автокөлік. Көрнекі фото: Рixabay.com

"Ақ жол" фракциясының депутаттары 4 пайызбен берілетін жеңілдетілген автонесие бағдарламасын жалғастыруды талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгінгі парламент мәжілісінің отырысында "Ақ жол" фракциясының мүшесі Ержан Бейсенбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 4 пайызбен берілетін жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қаржыландыруды тоқтату туралы шешім қабылдағанын еске салды.

"Өздеріңіз білесіздер, қазақстандық көліктер өндірісін жолға қою және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында утиль алым жүйесі енгізілген болатын. Бірақ шенеуніктер мұны ұмытып кеткен сияқты. Осыған байланысты "Ақ жол" ҚДП фракциясының депутаттары утиль алымнан игерілмеген қаражатты қосымша бағыттай отырып, 4 пайызбен берілетін автонесие бағдарламасын жалғастыруды талап етеді", – дейді Ержан Бейсенбаев.

Сонымен қатар депутат Recycling Company ЖШС қызметі тоқтатылған кезде көліктер мен жабдықтарды кәдеге жарату үшін жиналған қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы ақпаратты жариялауды, сондай-ақ аталған зауыттың қызметі қашан қайта жанданатынын хабарлауды сұрады.

Айта кетейік, бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесие бағдарламасы неге қайта жанданбайтынын түсіндірген еді.

Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың қайда жұмсалатынын айтқан болатын.

Еске сала кетсек, Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы былтыр мамыр айында басталған еді. Кейін банктер оны бірнеше рет нақты себептермен, оның ішінде бөлінген қаражаттың игерілмеуіне байланысты тоқтатқан болатын.

Соңғы рет қазақстандықтар 2023 жылғы 6 ақпанда 4 пайызбен автонесие алу мүмкіндігіне ие болды. Сол күні сағат 10:00-де онлайн платформа іске қосылып, бар болғаны 761 қазақстандық өтініш бере алды. Ал лимит алғашқы 18 секундта таусылды.

Мамыр айында Марат Қарабаев автонесие берудің жаңа шарттарын жариялады.

Алайда маусым айының басында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдай Мусин autonesie.kz сайты бұдан былай Қазақстанда жеңілдетілген автонесие алуға өтінімдерді қабылдамайтынын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025759-deputattar-qazaqstanda-4-paiyzben-avtonesie-beru-bagdarlamasyn-zalgastyrudy-talap-etti/