Электрлі самокаттың жылдамдығы қалай бақыланады
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін Сенат кулуарында әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев полицейлердің электрлі самокаттардың жылдамдығын қалай бақылайтыны туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
БАҚ өкілдері әкімшілік полиция комитетінің төрағасынан өңірлер мен ауылдарды айтпағанда, Астана мен Алматының барлық жерінде камералар орнатылмағанын айтып, тәртіп сақшылары электрлі самокаттардың жылдамдығын қалай бақылайтынын сұрады.
"Жасырмаймын, шынын айтқанда, бүгінгі күні полицейлердің электрлі самокат жылдамдығын анықтауға арналған техникалық мүмкіндігі жоқ", - деді Қайсар Сұлтанбаев.
Оның айтуынша, десе де полицияның жол-көлік апаты болған жағдайда электрлі самокаттың сырғанау, тежеу жолдары және тағы басқа бойынша жылдамдығын есептеуге техникалық мүмкіндіктері бар.
"Арнайы сот-медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысы бойынша кінәсі дәлелденеді. Ал біз сот-медициналық сараптаманың қорытындысына қарай тәртіп бұзушыны жауапкершілікке тартамыз. Әзірге солай болады. Бұл тек бастамасы. Алдағы уақытта бақылау мәселелерін қарастырамыз", - деп сендірді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.
Бүгін Сенат депутаттары электрлі самокаттарды пайдалануға қатысты "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды заң жобасын мақұлдады.
ІІМ электрлі самокат иелеріне салынатын айыппұл көлемін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025944-elektrli-samokattyn-zyldamdygy-qalai-baqylanady/