Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Глэмпинг Қазақстандағы туризм индустриясының драйверіне айналады

Жарияланған күні:

Пресс-тур.
Эко пресс-тур. Фото: gora.glamping

Соңғы кезде әлемде, соның ішінде Қазақстанда белсенді түрде дамып жатқан туризмнің бір түрі — экотуризм. Туризмнің бұл түрі — әсіресе, Алматы облысы мен Алматы қаласында кеңінен танымал. Осы орайда жақында оңтүстік астанада экотуризмнің тенденциялары мен даму болашағына арналған эко пресс-тур өтті.

Экотуризм – әлемдік экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан салаларының бірі. Statista бизнес-платформасының мәліметі бойынша, 2022 жылы бүкіл әлем бойынша экотуризм индустриясы 172,4 миллиард долларға бағаланды. Сарапшылардың болжауынша, бұл сектор 2028 жылы 374,2 миллиард долларға жетеді, ал жылдық орташа өсу қарқыны (CAGR) 13,9 пайызды құрайды.

глэмпинг
Фото: gora.glamping

Жаһандық үрдістер қазақстандық экотуризм саласына да әсер ететіні сөзсіз. Бүгінде туристер арасында танымал болып келе жатқан экотуризм түрлерінің бірі – глэмпинг. Бұл барлық жағдай жасалған, қаланың шуынан демалып, ашық аспан астында таза ауамен кең тыныстап, айналадағы көз тартар сұлуыққа тамсанып, бір сәтке миыңызды сергітіп, демалуға таптырмас жер.

Мұндай жер әсем қала Алматыда да баршылық. Солардың бірі – оңтүстік астанадан 45 минуттық жерде, тау баурайында орналасқан "Гора Глэмпинг" демалыс орны.

Бұл демалыс орнының аумағында барбекю алаңы, террасасы және моншасы бар 10 шатыр (тент-хаус) орналасқан.

Шатардан жасалған үйлерде демалушылар үшін бар жағдай жасалған. Яғни үйдің іші жылы еденмен (теплый пол), қосымша электр жылытқышпен, кондиционермен, жуынатын бөлмемен, дәретханамен жабдықталған.

Жуынатын бөлмеде жуынуға керек заттың барлығын табуға болады. Бұдан бөлек, шатырда төрт адамға арналған ыдыс, электр шәйнек, тіпті, шағын тоңазытқышта бар.

Шатыр негізінен екі адамға арналған. Бірақ қосымша тағы екі адам үшін жиналмалы кереует қоюға болады.

Сондай-ақ "Гора Глэмпинг" демалыс үйінің аумағында атпен серуендеуге, жақын маңдағы көлде балық аулауға, сонымен қатар бұл жердегі жазғы алаңқайда түрлі іс-шаралар (туған күн, той, тимбилдинг т.б) өткізуге болады.

"Гора Глэмпинг" демалыс орнының негізін қалаушы Рустам Даировтың айтуынша, Қазақстан – Орталық Азиядағы экотуризм үшін ең жақсы орындардың бірі. Оның сөзінше, биік таулардан бастап шексіз далаға дейінгі алуан түрлі табиғи ландшафттарды, сондай-ақ бай мәдени мұраны әуесқойлар да, тәжірибелі саяхатшылар да ерекше бағалайды.

Рустам Даиров
Рустам Даиров. Фото: gora.glamping

"Туризмге өсіп келе жатқан қызығушылықты, сұранысты ескере отырып, біздің туристік индустрияны дамытудың драйвері ретінде глэмпингтің әлеуеті анық. Экологиялық тұрақты туризмді ынталандыру, глэмпинг алаңдарының сапалы инфрақұрылымын құру, осы салаға инвестиция тарту – осының барлығы жаңа жұмыс орындарын ашуға, ШОБ-ты дамытуға, сондай-ақ отандық туристерді де, шетелдік туристерді де тартуға септігін тигізеді", - дейді Рустам Даиров.

Айта кетейік, ғаламдық глэмпинг нарығының көлемі Grand View Research зерттеу компаниясының мәліметі бойынша 2022 жылы 2,73 миллиард АҚШ долларын құрайды. Ал жалпы жылдық өсу қарқыны (CAGR) 2023-2030 жылдары 10,2 пайыз болады деген болжам бар.

Әлемде глэмпингтер саны бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия, Кения, Оңтүстік Африка және Жаңа Зеландия сияқты елдер көш бастап тұр. Қазақстанда глэмпинг алаңдарының ең көбі Алматы мен Алматы облысында орналасқан. Олардың жалпы саны 15.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026372-glemping-qazaqstandagy-turizm-industriyasynyn-draiverine-ainalady/