"Өзенмұнайгаз" бас директорының бұрынғы орынбасары ұсталды
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысында "Өзенмұнайгаз" АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары (қазір "Қаражанбасмұнай" АҚ бас директорының орынбасары) Ермек Қарамырзаев ұсталды. Бұл туралы бүгін Қаржы мониторингі агенттігінің ресми Telegram-арнасында хабарланды.
Ведомствоның хабарлауынша, ол "КЕЗБИ" ЖШС-нің және "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деп күдіктелуде.
"Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған.
Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол "КЕЗБИ" ЖШС-ні компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті", – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ ведомство ол өзінің заңсыз әрекеттерімен "КЕЗБИ" ЖШС-нің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргені және мыңнан астам қызметкердің құқығын бұзғаны, сондай-ақ мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырғанын атап өтті.
Қылмыстық процесуалдық кодекстің 201-бабының негізінде өзге ақпарат жария етілмейді.
Конституцияның 77 бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026442-ozenmunaigaz-bas-direktorynyn-buryngy-orynbasary-ustaldy/