Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында оқушының өліміне кінәлі деп танылған студент 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Жарияланған күні:

абақты
Абақты. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе облысында 14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Қайғылы оқиға былтыр желтоқсан айында Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бегімбет ауылында болған. 17 жастағы сотталушы жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа абайсызда зиян келтіргені үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сот отырысы ашық өтті. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 17 жастағы 2 курс студентін Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлімі бойынша жауапқа тарту туралы үкім шығарды.

Кінәлі деп танылған 2 курс студенті 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сонымен қатар жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 10 млн теңге, материалдық залал 1,6 млн теңге өтеу міндеттелді.

Сот материалдарыннан белгілі болғандай, сотталушы 2022 жылдың желтоқсан айында сағат 22:00 шамасында 9,10,11 сыныпта оқитын достарымен кездескен.. Сол жерде алты бала ішімдік ішкен. Сотталушы студент сол жерде мектеп оқушыларын сапқа тұрғызып, әрқайсысын ұрып, соққан. Жәбірленушіні жұдырығымен ұрып, тепкен. Сөйтіп сотталушы жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа абайсызда зиян келтірген.

Ал жалғыз ұлынан айрылған ана үкімді жылап тұрып тыңдады.

"Сот үкімімен келіспеймін. 17 жастағы бала сегіз жыл отырады да келеді. Ал менің балам келмеске кетіп қалды. Заң қайда сонда? Адам өлтіргенде осылай істей ма? Адам өлтіргенге 20 жыл беруі керек", - дейді марқұмның анасы.

Сот үкіміне көңілі толмаған жәбірленуші тарап сотқа апелляциялық шағым түсірмек.

"Келіспеймін. Тірі адам ғой. Біздікі өліп қалды, келмеске кетті. Бұл әділетсіздік. Балам биыл 9-сынып бітіретін еді. Көшеге кеткен бала екі-үш сағатта денесі келіп тұр. Балам дарынды еді. Бір адамға қол көтеріп көрмеген. Үнемі телефон, шаңсорғыш, велосипед секілді кез келген дүниені жөндейтін. Техникаға құмар. Жалғыз ұлымды 9-сынып бітірген соң ІТ саласына түсірмек едім", - дейді марқұм оқушының әкесі.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026548-aqtobe-oblysynda-oqusynyn-olimine-kinali-dep-tanylgan-student-8-zylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/