Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда балабақшалардың бірінде 4 жасар қыз саусағынан айырылған

Опубликовано:

Ойыншықпен ойнап отырған кішкентай бала
Балабақшада ойнап отырған бала. Көрнекі фото: pixabay.com

Атыраудағы балабақшалардың бірінде 4 жасар қыз ойнап жүріп саусағынан айырылған. Облыстық полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Аlmaty TV арнасы хабарлады.

Телеарна мәліметінше, оқыс жағдай кеше түсте Атыраудағы балабақшасының бірінде болған. 4 жасар қыз әткеншекте ойнап жүріп, оқыста саусағынан айырылған. Кейіннен топқа жауапты тәрбиеші қызды жанұшыра облыстық балалар ауруханасына жеткізіп, анасына хабар берген. Бірақ балдырғанның ата-анасы жағдайдың қалай болғанын әлі түсіне алмай отыр.

"Даладағы серуендеп, ойнап жүргенде саусағының басы жұлынып қалды. Қараусыз қалды ма? Ешкім ештеңе айтқан жоқ. Басшылардың немқұрайлылығынан болып отыр. Бұл жерге қаншама бала барады? Тәрбиеші бар деп алаңсыз жүреміз. Мардымды түк айта алмайды. Еті мен сүйегімен саусағы жоқ. Баламның ары қарай жағдайын жасасын, жауапты болған соң, жауапкершілікті алулары керек", - деді қыздың әкесі Ержан Тәженов.

Телеарна дерегінше, балабақша ішіндегі бейнебақылау камераларына да түспей қалған. Енді ата-ана жауаптылардан кішкентай қыздың ем-домына қаржылай болса да көмек көрсетсін деп талап етіп отыр. 100-ден аса бала тәрбиеленетін бөбекжай басшының орнында уақытша отырған қызметкер кінәні мойындап, көмек көрсетеміз деп қысқа қайырған.

"Ештеңе жасырып қалған жоқпыз. Түгелдей ата-анасына сол бойда телефон соқтық, балаға бірден алғашқы көмек көрсетілді, ауруханаға дер кезінде жеткізілді. Бізде барлық қауіпсіздік ережелері сақталған. Барлық құжат бар. Темір түк жоқ. Енді сондай жағдай болып қалды. Басшымыз кезекті демалыста. Хабардар бәрінен. Мұндай оқиға бірінші рет орын алып отыр. Қателігімізді мойындаймыз. Көмек көрсетеміз", - деді балабақша әдіскері Жанаргүл Сұлтанғалиева.

Телеарна ақпаратынша, полиция департаменті  балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау дерегі бойынша тергеуді бастаған.

"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 141-бабына сәйкес, яғни балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақтілек Нұроллаева.

Кішкентай қыздың ата-анасы бұл істі жылы жауып қоймайтынын, кінәлілер жазаланбайынша тыным таппайтынын айтып, соңына дейін баратынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026648-atyrauda-balabaqsalardyn-birinde-4-zasar-qyz-sausagynan-auyrylgan/