Жеті бірдей полиция инспекторы бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша патрульдік полицияның 7 қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-дағы ресми жаңалықтар арнасында хабарлады.
Алматы облысы бойынша Антикордың хабарлауынша, патрульдік полицияның 7 қызметкері бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін заңсыз ақшалай сыйақы алған.
Сондай-ақ ведомство жол инспекторлары құқық бұзушылық жасамаған азаматтардың ақшасын алаяқтық жолмен иемденгені туралы айтты.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің материалдары сотқа жолданған.
Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмеген.
Сондай-ақ ведомство Конституцияның 77 бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19 бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп саналатынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026731-zeti-birdei-policiya-inspektory-birnese-ret-para-aldy-degen-kudikke-ilindi/