Елордада Астана күніне орай отшашу бола ма
Жарияланған күні:
Келесі аптада, 6 шілде күні Қазақстанда Астана күні тойланады. Осыған байланысты Астана әкімдігінің баспасөз қызметі қалада мерекелік отшашу бола ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Биыл қала күні отшашу болмайды", – дейді әкімдіктегілер.
Дегенмен, ведомство Астананың 25 жылдығына орай 100-ден астам іс-шараны өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның 90-ға жуығы елорданың барлық тұрғыны мен қонақтары үшін тегін болады.
"Сонымен қатар мереке күндері бірқатар әлеуметтік нысандар ашылады, оның ішінде Оқушылар сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аулалар, қоғамдық орындар, үлескерлерге пәтер кілттерін табыстау және т.б. шаралар болады", – делінген хабарламада.
Еске салайық, 2023 жылы Астана күні, 6 шілде бейсенбіге келеді. Жұмыс уақытын ұтымды пайдалану үшін 1 шілде сенбіден демалыс күні 7 шілде жұмаға ауыстырылды.
Осылайша, айдың бірінші демалыс күні, сенбі, 1 шілде жұмыс күні болса, одан кейін ел тұрғындары төрт күн қатарынан – 6-9 шілде аралығында демалады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026768-akimdik-elorda-kunine-orai-astanada-otsasular-bola-ma-degen-saualga-zauap-berdi/