БҚО-да 162 млн теңге жымқырған шенеуніктер бірнеше жылға сотталды
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БҚО-дағы "Теректі - таза су" мемлекеттік кәсіпорнының лауазымды тұлғалары бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталғанын мәлімдеді. Бұл туралы антикордың Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Теректі аудандық сотымен "Теректі-таза су" мемлекеттік кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты үкім жарияланған.
"Сот үкімімен кәсіпорын директоры 7,5 жылға және бас бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де өзіне және ұйым қызметкерлеріне жалақыны артық аудару, сондай-ақ жеткізушілерге нақты орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын негізсіз аудару арқылы 162 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды", - делінген хабарламада.
Құзырлы орган өкілдері сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айырылғанын атап өтті.
Антикор ақпаратынша, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026999-bqo-da-162-mln-tenge-zymqyrgan-seneunikter-birnese-zylga-sottaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.