Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордада «Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды

Опубликовано:

жеңімпаздар
Фото: Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы

Бүгін Қызылордада «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік көрме-байқауы өтіп, үздік тауар өндірушілер анықталды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған көрмеде 60-тан астам кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды.

Кәсіпкерлердің басын біріктірген шараға облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы, Өңірлік кеңес мүшелері, байқау сарапшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Облыс әкімінің орынбасары павильондарды аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты.

Үздік сапа иесін анықтайтын комиссия мүшелері үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады. Атап айтсақ, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша: әк тасын өндіретін «ОСТ - ОрдаСтройМаркет» ЖШС, дайын металл бұйымдарын шығаратын «Қызылорда дизайн» ЖШС, ас үйге арнадған қыш жабындар (раковина) әзірлеумен айналысатын жеке кәсіпкер «Nomad»; «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша: күріш өндірісімен айналысатын «Жаңажол» ЖШС, тұз өндіретін «Алтын орда» ЖШС, күрішті өсіріп, өңдеуші «Асыл дәне ЛТД» ЖШС; «Халық арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша: түйе жүнінен төсек-жабдық дайындайтын жеке кәсіпкер «Жұмашева Индира», «Қазалы кәмпитін» өндіретін жеке кәсіпкер «Қазбергенов», кондитерлік өнімдер шығаратын жеке кәсіпкер «Тәтті әлем» жеңімпаз атанды.

көрме
Фото: Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы

Енді олар Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде өз өнімдерін таныстыратын болады.

«Жалпы облыста 76 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 35 пайызы сауда болса, 19-ы ауыл шаруашылығы саласы, ал өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлердің үлесі 8,6 пайызды құрайды. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнестің дамуы үшін қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жыл сайын тауар өндірушілердің саны да өнімнің сапасы да артып келеді. Өңірімізде ұйымдастырылып отырған бұл шараның мақсаты - жергілікті тауар өндірушілерді қолдау болып табылады. Былтыр байқаудың республикалық кезеңінде «Асыл Дән LTD» серіктестігі «Ұлы Дала» бірыңғай брендін жеңіп алды. Биыл да аймақ кәсіпкерлері көшбасшылар қатарынан көрінетініне сенемін», - деді облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы.

көрме
Фото: Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы

Биыл өңірде алғаш рет «Бір ауыл-бір өнім» жобасы бастау алған болатын. Бүгінгі жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінде жоба қатысушылары да белсенділік танытып, өз өнімдерін орналастырды.

Сондай-ақ, көрмеде қолөнер шебері Роза Әлбатырова түкті кілем тоқудан, ал суретші-қолөнерші Малика Сұлтанғазина иірілген құрғақ жүннен басу техникасында панно, сәнді қолөнер, кәде-сый, ойыншықтар, аксессуарлар жасау, «Резин арт» және барельеф техникасы арқылы эпоксидті шайырмен суреттер мен декор элементтерін салу, кенептерді, шыныаяқ ұстағыштарды, табақшаларды безендіру, былғары және поталь, аралас техникада декорация жасау,сурет салу әдісі бойынша мастер-класс ұйымдастырды.

көрме
Фото: Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы

Айта кететін жайт, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2023 жылдан бастап республика көлемінде «Мен кәсіпкер» жобасы басталған болатын. Бұл жоба бірнеше саланы қамтиды. Атап айтқанда, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы», «Бір ауыл – бір өнім» жобасы және «Кәсіпке бағыт» атты шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатындағы салалық оқыту үздіксіз жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027036-qyzylordada-qazaqstannyn-uzdik-tauary-2023-onirlik-korme-baiqauynyn-zenimpazdary-anyqtaldy/