Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"45 млн теңге пара алған": Алматыда жер қатынастары басқармасының шенеунігі қамауға алынды

Опубликовано:

Үлкейткіш жер сызбасы, есептегіш құрал
Жер сызбасы. Көрнекі фото: getty/stock photo

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы заңбұзушылық фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда. Бұл туралы Антикор Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, мемлекет қажеттілігі үшін әкімшілік тарапынан жер учаскесін сатып алғаны үшін жеке басына 45 млн теңге сомасында пара алған қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Соттың санкциясымен ол қамауға алынды. Тергеу сонымен қатар осы басқарманың лауазымды тұлғалары аффилирленген бағалаушының көмегімен жеке жер иелерінің мүддесі үшін мемлекеттік сатып алуға жататын 8 учаскенің құнын негізсіз көтергені анықталды", - деді антикор өкілдері.

Антикор мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 млрд теңге артық төлегенін анықтады.

Агенттік дерегінше, бағалаушының бір объект үшін көрсетілетін қызметтерінің құны 2021 жылы орташа есеппен 68 теңгені және 2022 жылы 10 теңгені құраған.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар Алматы қаласы Жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметінде де анықталды.

"Басқарманың лауазымды адамдары мемлекет мүддесіне қайшы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерде коммерциялық мақсатта 11 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын келіскені анықталды", - деп хабардар етті антикор.

Тексеру нәтижесінде мемлекетке аталған жер учаскелерінің жалпы сомасы 760 млн теңгеден астам төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілгені белгілі болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет барлығы 470-тен астам жер учаскесін тексерумен қамтылғанын мәлімдеді.

Жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда.

Құзырлы орган тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетінін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027103-45-mln-tenge-para-algan-almatyda-zer-qatynastary-basqarmasynyn-seneunigi-qamauga-alyndy/

pixel