Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Антикор: Алматы әкімдігінің лауазымды тұлғалары кәсіпкерлерге учаскелерді заңсыз жалға берген

Опубликовано:

Алматы қаласы
Алматы қаласы. Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы қаласының жер және қала құрылысы салаларында жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

"Алматыда қала құрылысының барлық кезеңінде жемқорлық тәуекелдері анықталды. Мегаполистің тау бөктеріндегі аймағын салу саласындағы сыртқы талдау нәтижелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында қаралды", – делінген хабарламада.

Біріншісі қала құрылысын жүйелі жоспарлаудың болмауы

Агенттік мәліметінше, талдаудың нәтижесінде Алматының бас жоспары 2011 жылдан бері жаңартылмағаны анықталған. Осыған байланысты 63 мың гектардан астам жердің функционалдық аймақтары экологтардың, СЭҚ және ТЖ органдарының қатысуынсыз өзгерген.

Бұл өз кезегінде табиғатты қорғау аймақтарында және өзендер маңындағы құрылыстың бақылаусыз жүргізілуіне себеп болған.

"Сонымен қатар "Тау алыбы" шағын ауданында сібір жарасы көмілген жерге жақын маңда тұрғын үй кешендері белсенді салынуда", – делінген хабарламада.

Екіншісі жердің мақсатын өзгерту

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, әкімдіктің лауазымды адамдары жердің нысаналы мақсатын өз қалауы бойынша өзгерткен. Мысалы, саяжай учаскелерінің орнына ЖТК салынған.

"Сонымен қатар мұндай қайшылық кадастрлық құн айырмашылығын төлемеуге мүмкіндік берген. Мысалы, 2021 жылы қала тұрғындарының бірі 2 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатын "ЖҚШ"-дан "ЖТҮҚ"- ға өзгерткен. Алайда кадастрлық құнның 126 млн теңге мөлшеріндегі айырмасы оларға төленбеген.

Мұндай тәжірибенің орын алуына Жер кодексінің нормаларына қайшы келетін құрылыс салудың қала құрылысы регламенттерін іске асырудың өңірлік жоспары себеп болып отыр", – делінген хабарламада.

Үшіншісі - инвестициялық жобаларға қатысу арқылы жекеменшікке жер алу

"Әкімдіктің лауазымды адамдары сауда-саттық жасамастан кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларға арналған учаскелерді жалға берген. Жалған пайдалануға беру арқылы жерлер жекеменшікке сатып алынған. Мемлекет жоғалтқан пайда алдын ала шамамен 400 млн теңгені құрады", - деп хабардар етті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметінен.

Төртінші - құрылыс процестері жемқорлық факторларына толы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, заңнамалық регламенттің болмауы әкімдік қызметкерлерінің құқықтық база нормаларын жосықсыз құрылыс салушылардың пайдасына қарай пайдалануға мүмкіндік берген.

Осылайша, қала тұрғындарының бірі бір-біріне іргелес төрт учаскеде үш бақша үйін салуға рұқсат алған. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысандар бақша үйлер ретінде пайдалануға берілген, бірақ кейіннен "Baganashil" тұрғын үй кешені ретінде іске асырылған.

Сондай-ақ талдау нәтижесінде ЖТҮҚ немесе бақша үйлеріне арналған жерлерде көп пәтерлі кешендер мен коммерциялық нысандар салынғаны анықталған. Мұндай 11 факті тіркелген.

"Эскиздік жобадан және ЖСҚ-тан ауытқыған құрылыс кең таралған бұзушылық болып табылады. Биіктігі 12 метр және 3 қабаттан аспайтын әл-Фараби даңғылынан жоғары объектілерді салу кезіндегі шектеулерге қарамастан, биіктігі 15 метр "Домино" клуб үйі ішінара пайдалануға берілген. Осындай 18 нысан анықталды", – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, агенттіктің мәліметінше, талдау аясында 84 гектар аумақта 10 көппәтерлі кешен бойынша құрылыс тығыздығының артуы анықталған.

Бесінші - мемлекеттің құрылысты бақылаудағы әлсіздігі

Антикордың хабарлауынша, қала құрылысын бақылау бизнесті жүргізуді жеңілдету және жемқорлықты азайту мақсатында жеке объектілерді қабылдаудан алып тасталды. Алайда жемқорлық тәуекелдері сақталып, бұл ретте уәкілетті органның жауапкершілігі төмендетілген.

"Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының шенеуніктері екі құрылыс салушыға қатысты рұқсатсыз құрылыс үшін тек әкімшілік жаза қолданған. Уәкілетті орган өз актілерінің орындалуын бақыламағанмен қоса, әрқашан сот ісін бастауға бастамашылық жасамайды. Бұзушылықтарға әрекет етудің құқықтық тетігінің болмауы заңсыз дамуды заңдастыруға әкелді", - делінген хабарламада.

Алтыншы - құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтерді үстіртін цифрландыру

Антикордың дерегінше, электрондық форматта құжаттарды қабылдау процесі ғана қамтылған. Ашық емес процедуралардың арқасында "көмекшілер" нарығы пайда болған.

Антикор талдау барысында тұрғын аймақтан 229 гектар жерді рекреациялық аймаққа қайтару бойынша ұсыныстар берген. Бұл тармақ биыл мамыр айында үкімет бекіткен Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарында ескерілген.

Сонымен қатар жерді рекреациялық аймақтан тұрғын үйге ауыстырудың ерекше тәртібін белгілеу ұсынылған.

"Бейінді министрлікпен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша міндетті түрде келісім болуға тиіс. Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет талдау нәтижелері бойынша анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша кешенді жоспар дайындады. 58 тармақтан тұратын құжат одан әрі іске асыру үшін уәкілетті органдарға берілді. Барлық сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша агенттік 8 қылмыстық істі тергеуде", - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027123-antikor-almaty-akimdiginin-lauazymdy-tulgalary-kasipkerlerge-ucaskelerdi-zansyz-zalga-bergen/

pixel