Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дарынды балалармен жұмыс істеуден бастап бұлтты бухгалтерияны жүргізуге дейін: моноқалалардағы мектептерде білім беру қалай дамып жатыр

Опубликовано:

Проект Ustaz Ulytau
Фото: Kazakhmys Holding

Жезқазған қаласында Ұлытау облысының Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы мұғалімдеріне арналған екінші Жазғы мектеп өз жұмысын аяқтады. Өңірдегі мұғалімдер оқытудың жаңа әдістерімен танысса, директорлар стратегиялық сессия аясында алдағы оқу жылына арналған жоспарларды талқылады. Өңірдегі мектеп мұғалімдері, оқу ісінің меңгерушілері мен мектеп директорлары қандай оқытудан өткендігін NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Жазғы демалыс кезінде мұғалімдер уақытты босқа өткізбей, біліктіліктерін арттырып, жаңа білімді игеріп, кейін тәжірибелерінде пайдалана алады. Олармен бір уақытта директорлар да оқу үдерісін сапалы ұйымдастыруға дайындалады. Соңғы екі жылда облыста мұндай кездесулер жиі болып тұрады. Себебі 2021 жылдан бері Қазақмыс жұмыс істейтін аймақтарда мектептердегі білім сапасын арттыруға бағытталған жоба жүзеге асырылуда. Жоба Ustaz Ulytau педагогикалық трансформация орталығы деп аталады, ал The Ulytau Educational Foundation қоғамдық қайырымдылық қоры оның операторы болып табылады.

Жоба Ұлытау ауданынан, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларынан 69 мектепті қамтиды. Ustaz Ulytau ПТО-да атап өтілгендей, Орталық болашақ түлектің мүддесі, оның оқу және мансаптық болашағы үшін жұмыс істейді. Ал Қазақмыс өңірдегі негізгі жұмыс беруші ретінде жергілікті мектеп оқушыларының лайықты деңгейде білім алуына мүдделі. Өйткені олардың дені «Қазақмыстың» қатарына қосылатын болашақ мамандар.

«Биылғы Жазғы мектептің тақырыбы – дарынды балалармен жұмыс. Біз барлық баланың бойында қандай да бір дарын бар екеніне сенімдіміз және ұстаздардың міндеті – осы дарынды анықтау және қолдау. Біз дарынды балалармен жұмыс жасайтын, оларды олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындайтын мамандарды, соның ішінде Алматы мен Астанадан Республикалық физика-математика мектептерінің мұғалімдері мен басшыларын арнайы шақырдық», - деді Ustaz Ulytau педагогикалық трансформация орталығы» жобасы аясындағы «Мұғалімдер мен мектеп басшыларының біліктілігін арттыру курстарының» жетекшісі Жанна Меңдібаева.

Жобасы Ustaz Ulytau
Фото: Kazakhmys Holding

Оның айтуынша, жобаның мақсаттарының бірі аймақ мектептерінің оқушылары мен дарынды балаларға арналған мектептерінің оқушылары арасындағы алшақтықты азайту болып табылады.

«Біз барлық баланың, сондай-ақ мұғалімдердің республикалық және халықаралық форматтағы олимпиадаларға дайындық технологияларын білгенін қалаймыз. Біздің арманымыз – қарапайым мектеп оқушыларының халықаралық жобаларға жетуіне, шетелдік университеттерге немесе Қазақстанның жоғары санатты университеттеріне түсуіне жағдай жасау», - деді сарапшы.

Биылғы Жазғы мектептің жаңалығы – дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған курстар. Жасыратыны жоқ, бұл тақырып жиі көлеңкеде қап қояды. Дегенмен жоба авторларының пікірінше, жайлы мектеп денсаулықты сақтайтын бағдарламаларға негізделуі және оған дене шынықтыру да үлес қосуы керек. Курстарды Қазақстан дене шынықтыру мұғалімдері қауымдастығының президенті Наталья Дрейт жүргізді.

«Дене шынықтыру мұғалімдерінің көптен бері бетпе-бет келген басты мәселесі – ақпараттың аздығы, ресурстардың шектеулілігі және мектептердің нашар жабдықталуы. Енді тәуелсіз қала ретінде Жезқазғанның біліктілікті арттыруға, командаларды дайындауға, республикалық деңгейге шығуға мүмкіндіктері әлдеқайда мол. Бұл үлкен артықшылық», - деп сенім білдіріді Наталья Дрейт.

Жобасы Ustaz Ulytau
Фото: Kazakhmys Holding

Оқыту барысында ол Жазғы мектеп қатысушыларына пәндік білім берудегі инновациялық тәсілдерін, дұрыс жоспарлаудың қыр-сырын бөлісіп, оқушыға бағытталған технологияның маңыздылығы туралы айтты.

Мұғалімдермен бір мезгілде мектеп директорлары менеджмент және заманауи басқару жүйесі бойынша білімдерін жетілдірді. Педагогикалық трансформация орталығы бүгінде тиімділікке сүйене отырып, мектептерді корпорациялар сияқты басқара білу маңызды деп санайды. Атап айтқанда, директорлар бұлтты бухгалтерияның ерекшеліктерімен танысты.

«Мектеп директорлары қаржыгер немесе менеджер емес, олардың арнайы басқарушылық білімі жоқ. Әдетте, олар бухгалтерлік есептің, жоспарлау жүйесінің, бюджетті құрудың қыр-сырын түсінбейді. Сондықтан біз бұны түзетуді шештік. Шақырылған оқытушы оларға бұлтты бухгалтериямен жұмыс істеу қаншалықты ыңғайлы екенін, қаржылық құжаттарды қалай оқуды, қаржылық саясатты қалыптастыруды және бюджетпен жұмыс істеуді көрсетті», - деп қосты Жанна Меңдібаева.

Оның айтуынша, мектеп – ауқымды шаруашылығы, инфрақұрылымы бар үлкен организм, оны ұстауға, еңбекақы төлеуге, материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді.

«Директорлар оны сауатты басқара білуі керек – бұл олардың негізгі функцияларының бірі. Қаржы тиімсіз жұмсалса, түптеп келгенде білім сапасына әсер етеді», - деп атап өтті спикер.

Жобасы Ustaz Ulytau
Фото: Kazakhmys Holding

Курсты аяқтағандардың бірі – Жезқазған қаласындағы №3 орта мектептің директоры Айман Мұқашева.

«Біздің мектебіміз инклюзивті білім беруді жүзеге асыруға арналған тәжірибе алаңы болып табылады. Оқушылар контингенті мыңнан сәл ғана астам баланы құрайды, оларға 80 мұғалім сабақ береді. Мектептегі білім сапасы 54%. Қалалық, облыстық пән олимпиадаларында, пікірсайыстарда, шахматтан облыстық деңгейдегі жарыстарда төменгі және жоғарғы сыныптарда да жетістіктер бар. Іс-шара біз үшін өте пайдалы болды. Мектебімізде ең алдымен оқушылардың нәтижесін, мұғалімдердің еңбек деңгейін көрсететін құралдарды енгіземіз», - деп хабарлады директор.

Оқу, тәрбие, ғылыми-зерттеу үрдісін басқаратын оқу ісінің меңгерушілері де назардан тыс қалмады.

«Біздің оқу ісінің меңгерушілеріне жеткізгіміз келетін басты ой – сабақтың экожүйесі мектептің экожүйесіне байланысты. Мектеп экожүйе ретінде жұмыс істеуі керек, мектептерге үлкен мүмкіндіктер ашатын барлық құрал онда пайдаланылуы керек», - деп атап көрсетеді Ustaz Ulytau.

Жобасы Ustaz Ulytau
Фото: Kazakhmys Holding

Айта кету керек, Ustaz Ulytau білім беру жобасына небәрі екі жыл. Осы уақыт ішінде Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев қалаларының және Ұлытау ауданының жүздеген мұғалімі оқытудан өтті, ондаған дарынды бала түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

«Осы екі жылдағы ең маңызды өзгеріс – мұғалімдердің мамандыққа деген қызығушылығы мен ынтасының артуы, сонымен қатар мектеп директорларының жаңа ойлау жүйесі – басқарушылықтан стратегиялық деңгейге дейін», – деп атап өтті Жанна Меңдібаева.

Бұл ретте Қазақмыс өзі қатысатын аймақтарда білім беру жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін ұстаздарға қолдау және жан-жақты көмек көрсету компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды құрамдас бөлігі екеніне баса назар аударады. Мыс алыбы өзінің алдына ауқымды міндет қойып отыр – еңбек ресурстарының сапасы мен өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ету.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027296-daryndy-balalarmen-zumys-isteuden-bastap-bultty-buxgateriyany-zurgizuge-deiin-monoqalalardagy-mektepterde-bilim-beru-qalai-damyp-zatyr/

pixel