Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Салымшылардың ақшасы жұмсалып кеткен": Ақтөбеде 11 құрылыс компаниясын қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр

Опубликовано:

Салымшылар
Әкімдікке келген салымшылар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігіне қаладағы тұрғын үй кешендерінің біріне үлескер болған бір топ салымшы жиналды. Құрылыс компаниясының басшыларына алдандық деген тұрғындар әкімдіктен араша сұрайды. Бірнеше құрылыс компаниясын қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әкімдікке келген тұрғындар миллиондап ақша аударғанын, алайда уәде етілген баспанаға кіре алмай жүргенін айтты.

"2019 жылдан бері үйді күтіп жүрміз. Әуелде 6,2 млн теңге ақша аудардым. Жаңа инвесторға 700 мың теңге төледім. Яғни 7 млн теңгеге екі бөлмелі пәтер уәде етті. Тұрғын үй кешенінің үшінші корпусынан 800 млн теңге жиналған екен. Бірақ құрылысты аяқтамады. Бұл үйдің екі корпусы салынып тұрған соң сендік, ақша аудардық. Негізі бес қабатты үй, бірақ алтыншы қабаты да бар. Оның құжаты да жоқ. Проблема туындаған соң ғана әкімдікке келдік. Өзім үш баламмен апамның үйінде тұрып жатырмын. Арзан болған соң тәуекелге барып едік", - дейді қала тұрғыны Дарина Амирова.

Құжат бойынша бес қабатты болуға тиіс тұрғын үйдің алтыншы қабатынан да пәтерлер сатылып кеткен. "Ауадағы баспананы алдық" деп алданғандар аз емес. Айтуларынша, жүзден аса үлескер екі жылдан бері уәде етілген баспанаға кіре алмай жүр.

"С. деп аталатын тұрғын үй кешеніне үш бөлмелі пәтер үшін 12,5 млн теңге аудардым. Бұл үйді 2021 жылы желтоқсанда табыстауы тиіс еді. Біз әлі кіре алмай жүрміз. Барлығы 120 үлескер бар", - дейді қала тұрғыны Айнұр Берікқалиева.

Сан соғып қалған үлескерлермен Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров кездесті. Басқарма басшысының айтуынша, құрылысы аяқталмаған тұрғын үйдің ақшасы жұмсалып кеткен. Компания басшыларын қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр.

"Бізге Батыс-2 шағын ауданында орналасқан тұрғын үй кешенінен адамдар келді. Үй құрылысының 70-80 пайызы бітіп тұр. Құрылысты бітіру үшін қайта құжат жасап жатыр. Компания өкілі бар. Олар инвестор емес, бірақ үлескерлерден ақша жинап, үй құрылысын аяқтағысы келеді. Қиындығы компанияның заңды статусы анықталмаған. Оған ақша жинауға болмайды. Әрқайсысымен жеке келіседі. Алдымен тұрғын үй құрылысы компаниясы болып құрылып, құжатын рәсімдеуі керек. Кейін ғана мердігер бола алады. Бұған дейін компания 500 млн, кейбір үйден 800 млн теңге ақша жинаған. Ал атқарған жұмысы 100 млн теңгеге де жетпейді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сондықтан тұрғындармен кездесіп, ақша жинамаңыздар деп айтып жатырмыз", - дейді Нағымжан Алдияров.

Басқарма басшысының айтуынша, Ақтөбеде 11 құрылыс компаниясына қатысты қиындық бар. Әр үлескер жайы жеке қаралады.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027363-salymsylardyn-aqsasy-zumsalyp-ketken-aqtobede-11-qurylys-kompaniyasyn-qylmystyq-zauapkersilik-kutip-tur/

pixel