Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Оның жасағаны дизертирлік емес": Дәулет Тұрлыханов ұлына қатысты жағдайға пікір білдірді

Опубликовано:

Дәулет Тұрлыханов
Дәулет Тұрлыханов. Фото: Іnstagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov

Белгілі спортшы, мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ұлына қатысты жағдайға пікір білдіріп, Facebook парақшасында арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Құрметті қазақстандықтар! Соңғы кезде менің ұлыма қатысты ақпарат кеңістігінде тарап жатқан хабарларға байланысты өздеріңізге үндеуімді жариялап отырмын.

Соңғы бес айда әлеуметтік желілерде ұлыма қатысты жағдайға байланысты өте көп ақпарат шығып жатыр. Иә, бұл жағдайдың болғаны рас, алайда оны қоғамдық ортаға қайта-қайта сала берудің жөні жоқ деп есептеймін. Жағдай орын алғанда, мен өз пікірімді ашық айтқанмын. Барлық жағдай заң жүзінде шешілуі керек дегенмін.

Қазіргі кезде қоғамдық ортада менің ұлымның бір қателігінен басқа, қаншама айтылатын өзекті мәселелер бар емес пе?! Осы орайда, ұлыма байланысты жағдайдың қоғамда үлкен ақпаратқа айналғаны түсініксіз. Жарайды, ақпараттар шығып жатыр, осы арқылы хайп жинап, қоғамда рейтингін өсіремін дегендер өз мақсатына жеткен шығар. Енді менің ойымша бұл мәселені осы жерден доғарғанымыз дұрыс.

Осы ақпараттар менің ұлыма үлкен психологиялық ауыртпалық түсіріп жүргенін сеземін. Ол әлі жап-жас жігіт. Оның жасағаны дизертирлік емес, былайша айтқанда, балалыққа салынып "самоволкаға" шығып кеткені. Мен ұлымның Қазақстан Қарулы күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Ол жастықтың жалынымен қателік жасағаны түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді?!

Осы жағдайға байланысты ақпараттардан хабардар болып отырған баламның қазіргі психологиялық жағдайы мені қатты алаңдатады. Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін", - дейді Дәулет Тұрлыханов.

Сондай-ақ мәжілісмен өмірімнің басым бөлігін үлкен спортқа арнағанын, халық әлі де бағалап, құрметтейтінін, сондықтан ұлыммен болған жағдай – халық алдындағы абыройына нұқсаң келтіре алмайтынын атап өтті.

"Он жыл СССР құрамасында күрестім, Тәуелсіз Қазақстанның туын тұңғыш рет Олимпиада ойындарында көтеріп шықтым. Өзім спортты қойғаннан кейін, бапкер ретінде Азия, Азия ойындары, Әлем және Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығардым. Мен қазақтың ұлы болғаныма мақтанамын! Қазақ үшін төгілген қара терім мен өлшеусіз еңбегімді халқым бағалаған, әлі де бағалап, құрметтеп келеді.

Бүгінгі күндегі абыройым - орасан еңбектің арқасында келген. Ал менің ұлыммен болған бір ғана жағдай – халық алдындағы абыройымды түсіре алмайды. Қоғамды дүрліктіріп, ақпарат таратып жүргендер осыны түсінсе екен деймін.

Құрметті достар! Тағы да қайталап айтқым келеді, ұлыма қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бәрі заң шеңберінде шешілетін болады. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын", - деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін заңгер Анна Чернова мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған еді.

Анна Чернова Тұрлыхановтың ұлына қатысты қозғалған істе жәбірленушінің бірі болып табылады.

4 шілдеде Қорғаныс министрлігі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Б.-ның орналасқан жері анықталып, оның қызмет атқаратын орнына жеткізілгенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027571-onyn-zasagany-dizertirlik-emes-daulet-turlyxanov-ulyna-qatysty-zagdaiga-pikir-bildirdi/

pixel