"Жігіттерге сатамыз деп қорқытқан": алматылық бойжеткен өзін 7 қыз жабылып қорлағанын айтты
Жарияланған күні:
Алматыда 20 жастағы бойжеткен өзін жеті қыз жабылып соққыға жығып, бір жігіт зорламақ болғаны туралы мәлімдеді. Жәбірленуші НемолчиKZ қоғамдық қорына жүгініп, өзінің қандай қорлық көргенін жазған. Алматы қалалық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты қылмыстық істі тіркеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға 16 мамырда Алматыда болған.
НемолчиKZ қоғамдық қорының мәліметінше, 20 жастағы Ұзынағаш ауылының тумасы жеті қыз және бір жігіттен әбден қорлық көрген.
"Жеті бойжеткен Алматыда жұмыс істейтін 20 жастағы қызды соққыға жыққан. Оны бес жігітке сатамыз деп қорқытқан. 100 мың теңге бопсалап алмақшы болған, қатты ұрған, қыздың тісі сынып, ауыр жарақат алған. Зорлық жасай ма деп қорқып, үшінші қабаттан терезеден секірген", - деп жазады Дина Таңсәрі желідегі парақшасында.
Жас қыз ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Қоғамдық қор жетекшісінің сөзінше, қыздың екі өкшесі, омыртқасы, қолы сынған, тағы басқа да ауыр жарақаттары бар.
Қазір ол ауруханадан үйіне шығарылған.
Бұл оқиға туралы Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс тіркелген.
"Алмалы аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Объективті жағдайлар анықталуда. Қазіргі уақытта іс жүргізу аясында кешенділік, толықтық және объективтілік қағидаттарын қатаң сақтай отырып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі тергеу барысы басшылық бақылауында екенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027611-zigitterge-satamyz-dep-qorqytqan-almatylyq-boizetken-ozin-7-qyz-zabylyp-qorlaganyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.