Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дәрігерлер Қазақстандағы емшілердің қызметін заңдастыру идеясына қарсы шықты

Опубликовано:

сылдырмақ
Сылдырмақ. Көрнекі фото: MonikaBatich/Getty Images

Кәсіби медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің халық емшілері атанғандардың қызметін мойындау идеясына наразы – ведомство басшысы да осы мәселеге қатысты өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, дәрігерлер алаңдаулы, себебі ресми стандарт жобасында тілшілер атап өткендей, "аурулардан ғажайып түрде арылтатын адам" деген анықтама бар.

Оған қоса, емшілердің дәрежесі дәстүрлі медицина қызметкерлерімен теңестірілмекші. Дертті дәрісіз емдейтіндердің қызметі заңдастырылмақ.

Қоғамдық талқыға шыққан құжатта емші, апитерапевт, гирудотерапевт деген жаңа терминдер пайда болған. Бұл ақпарды естіген кәсіби дәрігерлер наразылық петициясын жариялап үлгерген.

Қазірдің өзінде 4 мыңға жуық маман петицияға қол қойып үлгерген көрінеді.

"Біз бұл құжаттың қабылдануына қарсымыз. Дәрігер болу үшін қанша уақытымызды сарп еттік. Кемі 7 жыл жоғарғы оқу орнында оқыдық. Жауапкершілікті мойнымызға алып, арнайы Гиппократ антын қабылдадық. Ал мұндай түрлі бақсы балгер, емшілерге біз ерік беріп, құқықтық мәртебесін көтерсек, онда ауруын емдеймін деп барып, мүгедек болғандардың саны күрт артады", – дейді дәрігер Рафаил Розенсон.

Қызметкерлердің уәжіне Денсаулық сақтау министрлігі үн қатты. Қазір жауапты сала мамандары емшілер мен әулие-әмбиелерді бір ретке келтіру үшін арнайы құжат әзірлеуде. Оған сәйкес, апитерапия яғни арамен емдейтіндер, гирудотерапия сүлік салатындар, емшілер мен сынықшыларды заңдастырмақшы. Барлығын емес, тек аттестациядан өткендерін ғана. Сонда ғана заң алдында олар жауап бере алады екен.

"Біз дәрігерлер мен емшілерді теңестіруді мақсат етіп отырған жоқпыз. Қайта, сүзгіден өткізуді жоспарлап отырмыз. Қоғамда емшілер, сүлікпен емдейтін орталықтар, хиджама жасайтындар қаптап кетті. Тез арада оларды тексерістен өткізіп, бір ретке келтірмесек, арты жаман болады. Қазір елімізде ресми тіркелген 3700 емші балгер-бақсы бар екен. Екі мыңнан астам сайт бар.

Ал тіркелмегені қаншама. Осы ретте дертті дәрісіз жазамын деп білек сыбана кірісіп отырғандардың бәрін тіркеу мақсатымыз емес", – дейді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Құжат әлі қос тараптың қатысуымен алда екі рет талқыланып, қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027647-darigerler-qazaqstandagy-emsilerdin-qyzmetin-zandastyru-ideyasyna-qarsy-syqty/

pixel