Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысында білім беру мекемелерінің бухгалтерлері ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді

Опубликовано:

Ақша және банк карталары
Ақша және банк карталары. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақмола облысының прокуратурасы облыстағы білім беру мекемелері бухгалтерлерінің жалпы сомасы 83 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінгенін мәлімдеді. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми сайтында хабарланды.

Бас прокуратураның мәліметінше, Бұланды балабақшасының бухгалтері кәсіпкерлермен ойдан шығарылған мәмілелер жасай отырып, туыстарының шоттарына ақша аударған деп күдіктелуде.

"Аударымдардың шынайылығын көрсету үшін бухгалтер тауарларды жеткізуге келісімшарт жасалған кәсіпорындардың атауларын көрсеткен", - делінген ресми хабарламада.

Құзырлы орган дерегінше, банктік шоттар бухгалтердің жақын туыстарына рәсімделіп, ол жұмыс істеген кезеңде барлығы 47 млн теңге аударылғаны анықталған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, екінші жағдай Степногорск қаласындағы мектептердің бірінде анықталған. Тергеу нұсқасы бойынша бухгалтер өз шотына 36 млн теңгені жалақы ретінде аударды деген күдікке ілінген.

"Осы фактілер бойынша қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде ұрлау) бойынша тіркеліп, Ақмола облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлары мен Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті тергеу жүргізуде", - делінген ресми хабарламада.

Құзырлы орган аталған бап бойынша жаза белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтінін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028050-aqmola-oblysynda-bilim-beru-mekemeleri-buxgalterleri-iri-kolemde-aqsa-zymqyrdy-degen-kudikke-ilindi/

pixel